Біздің Қостанай

Аспандағы аққуға әнін қосқан

Атақты әншілерге еліктеп өскен Манапбек Кәдіров жайлы сөз

Жамбыл өңірінің перзенті

Меніңше, бұл күндері киелі Қостанай жерінде жарты ғасырға толып отырған Манапбек Кәдіровты білмейтіндер жоқ шығар-ау. Өйткені, ол осы кезге дейін тек ғұмыр кешіп жатқан облыстың ғана емес, бүкіл республикамыздың атын шығарды.

Осы уақытқа дейін халықаралық байқаулардың лауреаты атанып, өзінің үнемі тың ізденіс үстінде жүретіндігін дәлелдеді. Негізі ол мақтанды сүймейтін азамат.

Кейбіреулердей марапат алса, кеудесін көтеріп кетпейді. Әрқашан да қарапайымдылықты сақтап, „Ұлық болсаң, кішік бол„ дегенді ұстанады.

Оның қазіргі қызмет атқарып жатқан Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның әншісі атанғанына да көп жылдардың жүзі болып қалды. Аталмыш өнер ордасында дәстүрлі әннің нағыз хас шебері атанған әншілер көп емес.

Солардың бірі ретінде өңірдегі талай мәртебелі жиындар мен кештерде қазақтың қара домбырасын қолға алып, халық әндерін шырқауда өзінің қайталанбас өнер майталманы екендігін қалың жұртшылыққа танытты.

Манапбекпен сыйласып келе жатқаныма да бірнеше жылдардың жүзі болды. Ашық-жарқын мінезді дарынды бауырымыз қашан да кішілік жолын сақтап, шынайы көңілмен сәлемдесіп жатады.

Шыны керек, сондай сәттерде осындай інілеріміздің барына көңіліміз марқайып қалады. Содан соң оның домбырасыз жүргенін көрмеппін.

Ұлтымыздың осынау қасиетті музыкалық аспабы оның жан серігіне айналған. Оқырман қауымды дүлдүл әншімен жан-жақты таныстыру үшін оның өткен өмір жолдарына да саяхат жасағанымыз артық болмайтын секілді.

Ердің жасы 50-ге толып отырған Манапбек Кәдіров негізі 1969 жылы халқы дархан әрі бейнетқор, жігіттері мен қыздары өнерлі болып келетін Жамбыл облысының Талас ауданында дүниеге келді.

Кейбір дерек көздеріне назар аударатын болсақ, осы жерден көптеген атақты әншілер мен күйшілер, эстрада жұлдыздары шыққан. Олардың бәрінің атын атап, түсін түстеп шығу да мүмкін емес.

Ол қарапайым ғана отбасында тәрбиеленді. Бұл үйде дүниеден бұрын, руханият саласы қашан да жоғары тұратын. Сол себептен киелі шаңырақта өскен балалардың бәрі де кішкентайларынан қағылез, мәдениетке жақын болып өсті.

Жанұяда әрбір баланың өзіндік алар орны бар. Манапбек ініміз де кішкентайынан алғыр, бір естігенін ұмытпайтындай құйма құлақ болып қалыптасты.

Әншіліктің шыңына көтерілді

Осы әңгімемізге арқау болып отырған қасиетті әулеттің иесі яғни кейіпкеріміздің әкесі Сапарбай ағамыз да өнер десе ішкен асын жерге қоятын еді.

Сенімді дерек көздеріне қарағанда, ол кезінде Жамбыл мәдени-ағарту училищесінде білім алған екен. Бірақ та ағамыз бұл саланы қумапты. Ғұмыр бойы есеп-қисап қызметкері болды.
Өзінің әкелік міндетін абыроймен атқарып, перзенттерін қазақ елінің қажетіне жарайтын саналы азамат болып қалыптасуына бойындағы барлық қажыр-қайратын, білімі мен білігін арнады.

Негізгі кәсібінен қолы бос кездері қолына домбыра алып, күй шертетіні болмаса негізінен бұларды әншілікке баулыған яғни өнердің құдіретін сезіндірген аналары Әзиза апамыз еді.
Сонымен қатар аталары Кәдір ақсақал да ән-күйді әрқашан да жоғары қоятын. Тіпті Арқаның әндерін аса бір шеберлікпен орындап, өзінің қайталанбас дауыстарымен айналасындағы қауымның шексіз ризашылығына бөленетін.

Ол да немерелерінің бойындағы ән мен күйге деген айрықша құлшынысты байқағанда, іштей мәртебесі өсіп, ұрпағының руханиятқа жақын болып өсіп келе жатқандығына шын мәнінде қуанатын-ды.

Манапбектің әнге деген құштарлығы сонау орта мектептің қабырғасында жүрген кезінде-ақ байқалды.Бұл шақта Қазақ радиосынан ұлтымыздың айтулы өнерпаздарының шырқауындағы әндер үздіксіз беріліп жататын.

Міне, сол кездері бұл да соларды ерекше ықыласпен тыңдап, олардың орындауындағы туындылардың әуезі мен мәтініне дейін мән беретін.

Осындай жайлар талапкер бозбаланың талғампаз әрі шебер әнші болып қалыптасуына да белгілі дәрежеде өз ықпалын тигізген секілді.

Ол әсіресе, қазақ өнерінің мақтанышына айналған атақты әншілер Манарбек Ержанов, Ғарифола Құрманғалиев, Жүсіпбек Елебеков секілді мәдениетте өзіндік орны бар тұлғаларды үлгі тұтты.

Ертең өскенде солардай шебер әнші болсам деп армандады. Сол ізгі ниет мұны тек ғана алға жетеледі. Кейін Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияға түскен кезде жолы болып, руханиятымызда есімдері ерешке аталатын Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов, Бекболат Тілеуханов секілді нағыз майталмандардан дәріс алу бақытына ие болды.

Бәлкім зиялы азаматтардың есінде болар, сонау еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары жоғарыда аталған консерваториядан бір топ дарынды жігіттер мен қыздар Қостанайға қызметке шақырылды.

Солардың қатарында Манапбек Кәдіров те келіп, ә дегеннен өзінің асқақ даусымен жерлестерімізді елең еткізді. Содан бері өнер саласында тек ғана биік шыңдардан көрініп келеді.

Шет елдердегі байқауларға қатысып, халқымыздың абыройын асқақтатты. 2015 жылы Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған фестивальда ән саласы бойынша Бас жүлдені жеңіп алды.

Манапбек сыйлы жар, ардақты әке. Келініміз Сәуле екеуі тату-тәтті ғұмыр кешіп, ұлдарын кішіпейілділікке, ізгілікке тәрбиелеп жатқаны бәріміз үшін де мақтаныш. Олардың үлкен ұлы Мәулен әкесі Манапбек секілді әнге өте құштар. Оның жарқын дарыны көпшілікке белгілі.

Оразалы Жақсанов


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77