Біздің Қостанай В ритме города

Қолдан келіп тұрса көмек көрсету профессор Жеңіс-Нұры Кужукеевтің өмірлік қағидасы

Қарапайым отбасынан шыққан профессор Жеңіс-Нұры Мырзатайұлы Кужукеевті қалың жұртшылыққа таныстырып жатудың өзі бекер болар. Оның есімі тек қана Қостанай аумағына ғана таныс емес.

Адал еңбегінің ақасында елімізге нағыз физик-математик ретінде де танымал. Бүгінде Жеңіс-Нұры Мырзатайұлы М.Дулатов атындағы ҚИнЭУ-нің энергетика және машина жасау кафедрасында сабақ береді. Жолдасы Сәлима апамыз да физика саласының маманы, өмірін ұстаздыққа арнаған жан.

Ұлағатты отбасымен арнайы кездесіп, сұхбаттасудың да сәті түсті.

– Жеңіс-Нұры Мырзатайұлы, сіз қандай отбасында дүниеге келдіңіз, балалық шағыңызға бір оралсақ.

– Мен қарапайым отбасында қазіргі Тобыл өзенінің жағасында дүниеге келдім, кейін отбасымызбен қазіргі Нариман базарының маңына қалаға қоныс аудардық. Анам қарапайым қызметкер болды, қолы епсепті тігін тігетін өнері де болалын. Әкем өмір бойы есепші болды. Өзімнен кіші іні-қарындастарым бар.

– Ал осы физика-математика саласына бала күніңізден әуес бодыңыз ба? Өз балаларыңыздың ішінде сіздердің жолдарыңызды қуғандары бар ма?

– Мектепте оқып жүргенімде сүйіп оқитын пәндерімнің бірі математика болса, ендігісі орыс тілі еді. Ол кезде ядролық физика, атом бомбасы, космос деген сөздер қолданысқа енді еніп жатқан еді. Біз соған еліктеп өстік. Физика деген сол кездің сәні еді. Ал, үлкен ағам ол кезде Москвада аспирантурада оқып жүрген кезі. Содан бастап мен де арманыма бой алдырдым, оқушыларға емес студенттерге сабақ берсем деп армандадым. Бұл менің болашақ мамандығымды таңдауыма түрткі болды деп айта аламын. Содан оқуымды бітіре сала Алматы қаласындағы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің физика факультетіне оқуға түстім. Балаларымыздың ішінде жолымызды қуып ұстаз болғандары бар. Қазір ұлымыз Марат пен қыздарымыз Жанат, Аидадан екі немере, екі шөбере сүйіп отырмыз.

– Жастық-шағыңызды білімге арнағаныңызды білеміз осы тұста еңбек жылдарыңызға шолу жасап өтсеңіз?

– Алматы қаласындағы оқуымның екі жылынан соң әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышымды өтеуге аттандым. Әскерде жүріп те бос уақытымды білімге арнап, мамандығым бойынша өз бетімше дайындалып, білімнен қол үзбедім. Үш жылдан соң қайта емтихан тапсырып қолыма дипломымды алдым. Отбасылық жағдайға байланысты оқуымды Қостанай педагогикалық институтында аяқтауға тура келді. Сол кездегі дәптерлерім әлі күнге дейін сақтаулы. Менен кейін оны кейінгі бауырларым да кәделеріне жаратты. Алғашқы еңбек жолым Әулиекөл ауданына қарасты Новонежин ауылдық мектебінен бастау алды. Ол жерде тоғызыншы сынып оқушыларына физикадан сабақ бердім.

Диплом алғаннан кейін мені пединститутқа аға оқытушы ретінде жұмысқа алды. Ол жерде шамалы уақыт жұмыс істедім, өйткені 1973 жылы Арқалық пединститутынан теориялық физика кафедрасын ашуға шақырту алдым. Сол жылы Москвадағы М.В. Ломоносов атындағы МГУ-де кандидаттық диссертациямды қорғадым. Менің бала күнгі арманым асперантураны аяқтаған соң орындалды деп айта аламын.

– Еңбек жылдарыңызда жоғары оқу орындарында үш бірдей кафедраның ашылуына себепкер болғаныңызды білеміз, сонымен қатар М.Дулатов атындағы ҚИнЭУ-нің проректоры болдыңыз студенттерге айтар өмірлік ұстанымыңыз қандай?

– Мен студенттеріме әрдайым білім баға жетпес байлық екенін айтып отырамын. Білімді ешқашан жоғалтып алмайсың. Ол мәңгілікке жаныңда болатын байлық. Оны тек жан-жақты көбейтіп отыруға болады. Сондықтан өзім де қоғамға пайдамды тигізсем деймін. Зейнеткерлік жасқа жеткеніммен өзімнің біліміммен, тәжірибеммен бөлісіп, әлі де сабақ беруден қашпаймын. Әрдайым ұстаздарға да айтып отырамын, әрбір студентке сенім беріп білмегенін үйретіп, жігерлендіруден артық ештеңе жоқ. Сонда ғана алдыңа келеген студенттің өз өзіне деген сенімі оянады деймін.

– Сіздің физика-математика саласында сабақ беруіңізден бөлек, бос уақытыңызда коньки, шаңғы теуіп, хорда ән айтатыныңыздан да құлағдармыз. Бұл сіздің өмірлік хоббиіңіз бе?

– Бала күнімде әкемнің ыңылдап қара дауыспен ән айтатынын байқайтынмын. Өзім әскерде жүргенде және Москвада асперантурада оқыған жылдары ән айтып, мәдени өмірге белсенді араласа бастадым. Кейін де ән айту жаныма жақын болды міне, 25-30 жылдың аралығында қаламыздағы орыс және қазақ хорларының мүшесімін. Бұл да болса менің қоғамдық өмірге қосқан шамалы ғана үлесім деп білемін. Сондай-ақ, өмірді бір сәт те болса көрікті, мейірімді етуге үлес қосқым келеді.

Ал, спортпен айналысу соның ішінде коньки, шаңғы тебу, жаяу жүру, дене жаттығуын жасау бұл денсаулығым үшін, салауатты өмір салтын ұстаныуым үшін дер едім. Сонымен қатар балаларым мен немерелеріме де үлгі- өнеге болар деген ниетім бар. Демалыс күндері немерелеріммен коньки тебуге бару біздің отбасылық үрдіске айналған.

– Сіздің қашанда қоғаммен тығыз байланыста екеніңізге куәміз, соның ішінде мектеп түлектерін ҰБТ-ге тегін дайындауға тілек білдіргеніңізді естіген болатынбыз. Қазіргі күні жалғасын тауып жатыр ма?

– Бұл менің өмірлік қағидам, қолдан келіп тұрса неге көмектеспеске. Бұл ой 2019 жылы Астана қаласында өткен «Ауыл» партиясының съезіне қатысып келгеннен кейін туған еді. Ондағы мақсатым ауылдық жерде маман тапшылығына байланысты балаларды ҰБТ-ге тегін тайындау еді. Дегенменен, ауылдық жерлерге барып-келуімізге ауа райы мен жол мәселесі қиынырақ болды. Содан соң қалалық білім беру бөлімінің қолдауымен қаладағы көпбалалы немесе репетитор жалдауға жағдайы жоқ балалардың басын біріктіріп екі тілде топ ашып жұмысымызды бастап кеттік. Тілек білдірушілердің қатары біраз болды. Кейін еліміздегі жаппай пандемияға байланысты жұмысымыз үзіліп қалды. Қазіргі күні бұл істі қайта қолаға алып жатырмыз. Бұл жолы ҚИнЭУ мен бірлесе отырып физика-математикадан ҰБТ дайындаламын деген түлектер үшін тегін акция бастау алуда.

Ол жерде менен басқа да ұстаздар сабақ беретін болады.

– Алтын уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңз үшін алғысымызды білдіреміз!

Жан ШАЙМЕРДЕН,
суретті түсірген
Лариса БОЖКО
және отбасылық альбомнан


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77