Біздің Қостанай В ритме города

«Басшылыққа алатын қағидам қоғамға пайдалы және өзіме адал болу» – дейді Газиз Ахметчин

Бүгін біз қалалық мәслихаттың депутаты, «Aманат» партиясының қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Газиз Ахметчинмен «Біздің Қостанай» газетінің ашық алаңында сұхбаттасқан болатынбыз

– Мәслихат депутаттарының қоғамдағы рөлі қандай?

– Сіздің бірінші сұрағыңызға қысқаша жауап беріп кетейін – мәслихат депутаты халықтың еркін білдіреді! Мұнда оның қоғамдағы рөлі жатыр. Оның шешімдері, сұраныстары немесе, егер қаласаңыз, дүниетанымы арқылы біздің қоғамның, ол сайланған тиісті аумақтардың немесе округтің өмір салты қалыптасады. Депутаттың жауапкершілігінің ауыртпалығын өз мойнына алған адам, азамат әрқашан өз қызметінде қоғамның мүдделерін басшылыққа алуы керек екенін түсіну өте маңызды.

– Сіз депутат ретінде қаламыз бойынша қандай маңызды мәселені шешуге қатыстыңыз? Нақты айтып өтсеңіз.

– 7-ші шақырылымда сайланған депутаттар 2020 жылдың қаңтар айынан бастап жұмыс істеп келеді. Мен қаламыздың барлық дерлік өмірлік мәселелерін шешуге қатысқанымды толық жауапкершілікпен айта аламын. Қостанай қалалық мәслихатының аппаратында депутаттардың тұрақты комиссиялардың жұмысына, мәслихат сессияларына қатысуының өзіндік статистикасы бар-менің жеке өзімнің көрсеткіштерім жақсы! Бұл туралы әзілмен айтамын, өйткені біздің шақырылымның депутаттары жауапкершілікпен ерекшеленеді – тұрақты комиссиялардың отырыстары, әсіресе мәслихат сессиялары кворумның болмауына байланысты тоқтатылғаны есімде жоқ. Осыған байланысты мен барлық әріптестеріме құрмет көрсетіп, алғыс айта аламын.

– Қалалық мәслихатта «Аманат» партиясының атынан сайланған депутаттар саны басым, мәселені шешуде дауыс беруде басқа партиялардың таңдауымен санасасыздар ма? Ортақ тіл табасыздар ма?

– Сұрағыңыз өте орынды, шынында да, бүгінгі таңда 19 депутаттың 14-і «Аманат» партиясы атынан. Бірақ, бізде қандай да бір түбегейлі қайшылықтар жоқ – барлығы қаламыздың тұрғындары үшін практикалық пайдаға мүдделі, барлық шешімдер біздің отандастарымыздың көпшілігінің мүдделерін ескере отырып қабылданады. Біз халық бірлігінің мүдделерін білдірген Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы қоғамдық-саяси күн тәртібіндегі қағидатты мәселелер бойынша ортақ ұстанымды нығайтуға мүмкіндік бергенін атап өткім келеді.

– Сіз үшін депутаттық қызмет қаншалықты маңызды?

– Қостанай қалалық мәслихаты депутаттарының 7 шақырылымын қалыптастыру партиялық тізімдерге негізделді. Мұнда мен және менің әріптестерім партияның мүдделері мен міндеттерін басшылыққа алды. Сіз «депутаттың жұмысы» дегенде, мен мұнда шағын, бірақ өте маңызды түсініктеме бергім келеді-қалалық мәслихаттың барлық депутаттарының өзіндік, негізгі жұмысы бар. Біздің арамызда мұғалімдер, кәсіпкерлер, ғалымдар, яғни әртүрлі кәсіптердің өкілдері бар. Бізді қоғамға барынша пайдалы болуға деген ұмтылыс біріктіреді! Депутат болу, менің ойымша, бұл жұмыс емес, елге қызмет! Бұл өз сайлаушылары алдындағы, біздің қоғам алдындағы жауапкершілік деп білемін.

– Депутат ретінде бір шешім шығармас бұрын осы шешімді әкем тірі болғанда құптар ма еді деген ой болама сізде?

– Шешім қабылдағанда, белгілі бір мәселелерде жауапкершілікті өз мойныма ала отырып, әрине, оны әрдайым ойлап, есімнен шығармаймын. Бірақ бұл тұрғыда менің жолым болған шығар – ол өмір бойы менің бойыма жақын адамдарыма – балаларыма, туыстарыма, көршілеріме деген жауапкершілік сезімін арттырды. Сондықтан болар – ол әрдайым менің жүрегімде. Менің бойыма сіңірген әділеттілік пен әдептілік туралы принциптермен түсініктерден аттап өтуге ешқашан жол бермеймін. Әкем әрдайым менің жүрегімде және бұл маған көп көмек береді!

– Сіздің әкеңіз Ғұмар Ахметчиннің есімі мен жасаған еңбегі қалың елдің есінде. Осы орайда әкеңіздің атына кір келтірмеуді ойлайсыз ба?

– Әкемнің іс-әрекетін жоғары бағалағаныңыз үшін рахмет, ол шынымен де өз халқының, өз елінің асыл ұлы болды. Мемлекеттік наградалармен және әртүрлі құрметті атақтармен марапатталды. Кез-келген бала ата-анасына ұқсауға, олардың мақұлдауы мен қолдауына ие болуға тырысады десем, қателеспейтін шығармын. Кез-келген ата-ана өз баласын өз Отанының лайықты азаматы ретінде көргісі келеді. Бұл мен үшін өте маңызды. Мен әрдайым үлгілі ұл болуға тырысамын, әкемнің достары мен әріптестері мұны менің бойымнан көріп келеміз дейді.

– Отбасыңыз турлы айтып, таныстырып өтсеңіз?

– Менің керемет отбасым бар! Тамаша әйелім, екі балам – ұлым мен қызым. Менің анам, тәтем, үлкен ағам, үлкен әпкем, олардың балалары. Біз үлкен отбасымыз! Ең бастысы біз бір-бірімізді қолдаймыз және көмектесеміз! Біз әрқашан бірге шешім қабылдаймыз және бір-біріміздің жауапкершілігімізді бөлісеміз. Бұл біздің күшіміз!

– Балаларыңыздың болашақта саясатқа араласқанын қалайсыз ба? Әлде аталары сияқты мәдениет саласына жақын ба?

– Менің балаларым саясатқа құштар емес. Олар әр түрлі салаларда, шығармашылыққа көбірек қызығушылық танытады. Әрине, қан жібермейді ғой. Балалардың болашағына қатысты менің ұстанымым өте қарапайым. Олар өз бетінше шешім қабылдасын деймін. Мен тек кеңес бере аламын, тәжірибеммен бөлісе аламын. Қалғанының бәрі тек олардың шешімі мен еркі.

– Балаларыңыз әкеміз депутат деп сіздің беделіңізді қолдана ма?

– Бұл сұраққа мен олардың балалық шағындағы бір мысалмен жауап бергім келеді. Сол кезде облысымыздың аудандарының бірінде әкімнің орынбасары болып жұмыс істедім. Көршілер әзілмен, балалардан: «Сендердің әкелерің кім болып жұмыс істейді?» деп сұраған екен. Олар: «Біз білмейміз» деп жауап беріпті. Көршілер бізге бұл туралы қуана айтты, бірақ біздің отбасымызда әрқашан қандай да бір ерекшелікке баса назар аудармау әдеттегідей еді. Осы жерде айта кетейін- әкем кейде ол туралы жоғары мақтау сөздер айтқан кезде ұялатын. Мен оны көріп, түсініп өстім. Ол немерелерін де дәл осылай тәрбиеледі. Мен де оларды осы рухта тәрбиелеймін. Осы тұрғыда маған оңай әрі жеңіл. Сондықтан балаларым менің беделімді пайдаланбайды деп сенімді түрде жауап бере аламын. Тек мақтан тұтады! Олар мен сияқты қарапайымдылықта тәрбиеленуді және біздің тегіміздің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға ұмтылуда.

– Бүгінде елімізде тіл мәселесі алдыңғы қатарда. Отбасында балаларыңыз, өзіңіз қазақ тілінде сөйлейсіздер ме?

– Менің ұлым колледжде мемлекеттік тілде оқытатын топта оқиды, қызым қазақ тілі мен әдебиетін қоса алғанда, барлық пәндер бойынша жақсы оқиды. Әрине, кейде бізге орыс тілінде сөйлеу оңайырақ, бірақ біздің отбасымызда қазақ тілі бірнеше ұрпақтың байланыстырушы буыны болып табылады.

– Депутаттықтан басқа қандай комиссиялардың мүшесісіз?

– Менің аз уақыттағы депутаттық мерзімімде мен әртүрлі комиссияларда жұмыс істедім, олардың барлығын тізіп бермей ақ қояйын, бірақ маған сеніп тапсырылған барлық жұмыс учаскелерінде мен әрқашан бір қағиданы басшылыққа алатынымды атап өткім келеді – қоғамға пайдалы және өзіме адал болу!

Қымбат НАҒАШЫБАЙ,

сурет кейіпкерден алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77