Біздің Қостанай

Республикалық «Рухани қазына – 2020» байқауынан жерлестеріміз жүлдемен оралды

Байқау жүлдегерлерін ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райықұлова марапаттады

Мәдениет пен өнер саласы бойынша ұйымдастырылатын III республикалық «Рухани қазына – 2020» байқауы мәресіне жетті. Жеңімпаздарды Елордада ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова марапаттады. Іріктеу кезеңі мен байқаудың өзі елдегі жағдайға орай онлайн режимде өткізілген.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында министрлік осы байқауды қолға алған. Кең ауқымда ұйымдастырылатын байқаудың негізгі мақсаты әр өңірдегі мәдениет өнер саласы жанашырларына қолдау білдіру. Сонымен қатар, мәдениет қызметкерлерін бір-бірлерімен пікір алмастырып, біліктіліктерін арттыруына мүмкінді беріп, тәжірибе алмастыру.

Республика бойынша барлығы 119 кітапхана, 90 мәдение-ойын-сауық орталықтары және 50 мұражайдан өтінім келіп түскен. Байқау қорытындысына сәйкес 50 номинация бойынша жеңімпаздарды марапаттау жүргізілді. Үздіктер қатарында біздің облыс өкілдері де бар. Айталық, сынға түскен Л.Н.Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы өзге облыстардан озық шығып, «Үздік кітапханалық онлайн жоба – 2020» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Ал «Үздік ауылдық маңызы бар кітапхана қызметкері» номинациясы Наурызым ауданы, Шилі ауылдық кітапханасының кітапханашысы Гүлжазира Бірмағамбетоваға бұйырды. «Үздік облыстық мәдени ойын-сауық кешені қызметкері» аталымын жеңіп алды. Фестиваль ұсынған «Үздік қалалық мәдениет үйі, мәдениет сарайы қызметкері» атағына Арқалық қалалық мәдениет сарайының көркемдік жетекшісі Миргүл Мұсабекова лайық деп танылса, Қарабалық аудандық Мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы, дарынды музыкант Рысжан Жүзбай «Мәдени-демалыс қызметіндегі «Жыл серпіні» марапатымен ардақталып отыр. Қазылар назарына ерекше ілігіп, «Үздік аудандық (қалалық) маңызы бар мемлекеттік музей қызметкері» аталымын иеленген Б.Майлин атындағы тарихи-өлкетану мұражайының қор сақтаушысы Айжан Ерғазиева да жерлестерінің жүлде қорын еселей түсті. Қостанай облысы көркемөнерпаздарының халық шығармашылығы мен кинобейнеқор орталығының медиа бөлімі жетекшісі Қайрат Кулов «Үздік облыстық мәдени ойын-сауық кешені қызметкері» аталымын жеңіп алды.

– Облыстың мәдениет саласындағы жеткен жетістіктері толағай. Бүгінгі біздің алған жүлдеміз соның көрінісі деп білемін. Осы жолғы байқауда көп марапат алған облыс Қостанай өңірі болды. ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Тобыл-Торғай өңірінің мәдениет саласындағы жұмысына оң бағасын берді. Мен орталықта ақпарат салаға жетекшілік етіп отырғандықтан, өнерпаздарды халыққа таныту міндетім. Осы бағытта аз жұмыстар жасалған жоқ. Айталық, облыс аумағындағы аудандардың жаңалығымен бөлісетін «www.ocsnt.kz» ақпараттық порталын жасап шығардым. Әр аудандағы мәдениет ошақтарының өздерінің әлеуметтік желілері бар бірақ, ол аздық етеді, көкжиегі тар. Ал мен жасап шыққан ақпараттық портал арқылы облысымыздағы мәдениеттің тыныс-тіршілігімен өзге облыстағы оқырмандар мен қатар өзге елдердің де оқырмандары таныса алады. Бұл біздің мәдени имиджімізге оң бағасын беріп ғана қоймай, мәдениет ұйымдарының мәртебесін арттырады. Себебі бұл жерде облыс аудандарының барлық мәдени ошақтардың басын бір арнаға түйістіреді. Бұл еліміз бойынша тек біздің өмірде ғана бар жүйе, – деп атап өтті байқау жеңімпазы Қайрат Кулов.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде өтті. Жеңімпаз ұйымдарға 1 000 000 теңгеден, ал үздік мәдениет қызметкерлеріне 500 000 теңгеден қаржылай сыйақы табысталды.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суретті ұсынған Қайрат КУЛОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77