COVID-2019
в Казахстане



Вся информация здесь

101941

Выздоровевших

107307

Зарегистрированных случаев

3465

Зарегистрированных случаев в Костанайской области

1671

Летальных случаев

Костанай и костанайцы

«Соғыс жүріп жатқанда біз бел жазбай еңбек еттік»

Бүгінде 93 жасқа келген Тыл ардагері Балғабай Ақыш сол қиын-қыстау шақтарды осылайша еске алады

1941-1945 жылдар аралығында жүрген Ұлы Отан соғысы кімнің қабырғасын қайыстырмады десеңізші. Ұлдары соғысқа аттанған аналардың, ері майданған кеткен келіншектердің, әкесі қаруланып соғысқа жөнелгендегі кішкентай балалардың көңіліне түскен күйбеңді біз түсіне алмаспыз сірә. Сонда да сұм соғыстың сұрапыл жылдарында Отан қорғауға аттанған ата-бабаларымыздың көпшілігі жат жерде ажал тауып, үйіне оралмағанын білеміз.

Соғыс жылдары майдандағы жауынгерлердің жеңіске жетуіне тыл еңбеккерлерінің қосқан үлесі өте зор болды. Ауыл шаруашылығында еңбектенген ерлердің майданға тартылуына байланысты олардың орнын елде қалған қариялар, әйелдер мен балалар басты. Осылайша майданды азық-түлікпен, шикізатпен іс жүзінде әйелдер, балалар мен қарт адамдар қамтамасыз еткені белгілі.

Биылғы Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойы қазір арамызда жүрген соғыс кезінде тылда бел жазбай еңбек еткен тыл ардагерлерінің де мерекесі екені айқын.

Менің бүгінгі кейіпкерім Балғабай Ақыш соғыс басталған жылы небәрі 14 жастағы бала еді. Елдегі қолына қару ұстап, жауға қарсы тұралатын атпалдай азаматтар бірінен соң бірі майданға аттанып жатқаны күні кешегідей оның есінде. Бала болса да белді бекем буып, сол кездегі қыз-қыз қайнап жатқан еңбектің бел ортасынан табыла білген тыл ардагері Торғай жерінің Шұбалаң деген колхозында 1927 жылы дүниеге келген.

Әкесі Ақыш оқыған көрегенді кісі болған. Білімді болып, сол колхозды басқарған. Сол заманның бай-қуатты азаматтарының бірі болған екен. Осылайша байларды қуғындаған солақай саясаттың құрбанына айналып, балаларының кішкентай кезінде репрессияға ұшыраған. Әкеден жетім қалып, балалық шағы соғыс жылдарында өткен қария қазір 93 жаста. Басынан қаншама қиындық өткерсе де сабырлы да салмақты. Әр сөзін ой елегінен өткізіп, өмірінің қиын-қыстау сәттерін баяндап, әкесінен айрылған кезді есіне алғанда көңілі де босады.

-Ол кезде біз кішкентай едік. Отбасында бес бала болатынбыз. Әкеміздің қайда кеткенін, қашан оралатынын білген жоқпыз. Кейін оның репрессияға ұшырап, атылғаны жайында естідік. Әкемді түннің ортасында бір топ әскер алып кетті, содан кейін оны көрген емеспін,-деп есіне алады Балғабай ата.

Әкесін алып кеткеннен кейін көп ұзамай шешелері қайтыс болады. Әкеден де шешеден де айрылған балаларды әкесінің інісі Төлеухан мен жеңгелері Күләш асырап алып, өсіріп жеткізеді. Жетім қалған бес баланың бірі сол кездері қайтыс болады. Қалған Күлзия, Наурызбай, Жамал есімді бауырлары өздерін асырап алған ағасы мен жеңгесінің қолында тұрады.

– Тағдыр бізді басымыздан сипай қойған жоқ. Бір бауырымыздан айрылып қалдық. Мен Күлзия есімді апам мен Наурызбай деген інім, Жамал қарындасым төртеуіміз бала кезімізден еңбектеніп тіршілігімізді көрген жандармыз. Кішкентай кезімде ағам мен жеңгемнің қолында болып, балық ауладық, мал бақтық қолдан келген жұмыстың барлығының ортасында жүрдік.

Соғыс жүріп жатқанда ауыл шаруашылығында еңбек еттім. Туғаннан қиындыққа үйренгендіктен болар, ешқандай жұмыстан қашпайтынмын. Қандай іс болса да соңына дейін атқаратынмын.

Кейін өскеннен кейін репрессияға ұшыраған әкеміздің артынан іздеп апам Күлзия жолға аттанды. Барлық қажетті құжаттарды жинап, әкем Ақыштың еш жазығы жоқ екенін дәлелдеп, ақтап алды. Одан бірақ не пайда, ерте әкеден де анадан да жетім қалып, балалық шағымыз жоқшылықпен өтті. Сонда да біз үшін әкеміздің толық ақталғанынан артық бақыт болмады. Сол кездегі солақай саясаттың құрбаны болған қайран әкемді ойласам әлі күнге дейін жүрегім қанжылайды.

Жалпы, халықтың басынан небір зоңбалаң жылдар өтті ғой. Солардың көбінің кесірін көрген жандардың бірімін,-деді біраз үнсіз отырып қария.

– Уақыт өте неміс жендеттері жеңіліп, Кеңес Одағының әскерлері жеңіске жетті. Ұлы Жеңісті тойлағанымыз да әлі есімде. Соғыс аяқталғаннан кейін де елімізде жағдай бірден түзеле қоймады. Тыл игеру бұл кездері үлкен науқанмен жүріп жатты. Тылда бел жазбай күні-түні жұмыс істедік.

Осылайша елімізде жағдай бір жүйеге келе бастады. Уақыт өте менде оқысам, білсем деген мақсат пайда болды. Әкем өте сауатты болған кісі. Кішкентайымнан әкеме ұқсап білімді азамат боламын дейтін едім. Міне, сол мақсатыма қадам басатын сәттің де туғанан білдім.

Сөйтіп қазіргі Қостанай шаһарына оқуға аттандым. Сондағы техникумның есепші бөліміне оқуға түстім. Білім алып, туған жерімен қайта оралдым. Сонда жүрген кезде Өрнек деген табиғаты керемет жердің Мәрзия есімді аруын кездестіріп, танысып, отбасын құруды ұйғардым.

Елге оралып, Аткөрім ауылында есепшілік қызметімді бастадым. Мәрзия екеуміз шаңырақ көтеріп, он үш баланың ата-анасы атандық. «Қой егіз туса, шөптің басы айыр шығады» демекші, балаларым көбейген сайын, жұмысымда да абыройым арта түсті.

Содан болар, балаларым ештеңеден тапшылық көрмей, емін-еркін баршылықта өсті,-деп өткен өмірін есіне алады кемеңгер қария.

Қазіргі таңда он үш баласының тоғызы аман-есен, әрқайсысы өз алдына отбасылы болып, ғұмыр кешіп жатыр. Балғабай ата болса, балаларының ортасында немерелері мен шөберелерін құштарлана сүйіп, өмірдің шын мәнін сезініп жүрген бақытты жан. Тек көңіліне кірбің түсіретіні қасында Құдай қосқан жары Мәрзия әжеміздің жоқтығы ғана. Ол кісі осыдан төрт жыл бұрын ауырып қайтыс болған екен. «Өлмектің артынан өлмек жоқ» демекші, Балғабай атаның Алланың берген жасын жасап жүрген жайы бар. Балалары көз қуанышы. Солардың әр жетістігіне қуанып, жаратушы иеден ұрпағының амандығын тілеп отырған абыз жан.

Әлі тың. Кез-келген уақытта еліміздің түкпір-түкпірінде ғұмыр кешіп жатқан балаларын аралап, жолға да шығып кететіні бар. Пойызбен жүруге әбден машықтанып алған. Ештеңеге алаңдамай жолға шығады.

Бүгінгі бейбіт өміріне дән риза. Қиындықпен өткен балалық шағын ұмытып кеткендей «Мен өте бақытты жанмын» дейді.

Бұрынғының адамдары міне осындай. Қарапайым да қайратты. Басына түскен қиыншылыққа мойымайтын қайсар. Ұлы Жеңіс бізге осындай қайрақтай қайсар жандардың арқасында келді. Бұл кісілердің ерлігі де еңбегі де болашақ ұрпаққа үлгі. Адамның бойындағы ең асыл қасиеттер қайсарлық, қайраттылық, сабырлық, еңбекқорлық болса керек. Осындай мінез қалыптасқан жан ғана өмірде өз бақытын таба алары хақ. Қайсар бабаларымыздың ғұмыры бізге өнеге.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77