В ритме города

Тәтті тоқаштардың ханшайымы

Жеке кәсіпкер Надежда Архангельская жайында

Соңғы жылдары жеке кәсібін ашып дөңгелетіп отырған жандардың саны артып келеді. Менің бүгінгі кейіпкерім Надежда Архангельская бүгінде тәтті торттар пісіріп сатумен айналысады.

Ол Қостанай ауданына қарасты Владимировка ауылында дүниеге келген. Осы мекенде мектеп бітіріп, қаламыздағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің бастауыш сынып мұғалімі мамандығына оқуға түсіп, 2011 жылы диплом алып шығады.

Университет аяқтаған соң осы жылы Вадим есімді азаматпен көңілі жарасып тұрмыс құрады. Бүгін де Варвара, Кира, Милана есімді үш әдемі қыздардың анасы.

-Менің мамандығым мұғалім болғанымен, бала оқытумен айналысқан емеспін. Мүлдем басқа салада жұмыс істеуді қаладым. Әрдайым ойым жеке кәсіп ашу еді. Балалы болып көп уақытым үйде өтіп жатқан соң, өзіме қолайлы кәсіппен айналысуды ұйғардым.

Қашан да ас әзірлеуге икемім  бар еді. Тәтті тоқаштар пісіретінмін. Торттарым да көпшіліктің көңілінен шығып жататын. Осыған  қарап үйде отырып, неге табыс таппаймын деген ойда қалдым. Сөйтіп қаламыздағы жұмыспен қамту орталығына бардым. Аспаздыққа оқытатын қысқа мерзімді курстан өтіп, арнайы сертификатқа ие болдым. Бұл курстан торт пісірудің қыр-сырын үйрендім. Кейін жеке кәсіп ашып, торт пісірумен айналуды жөн санадым.

Биыл мемлекеттік грантқа ие болдым. Маған қайтарымсыз 584 500 теңге берді. Қуанышымды шек болмады. Өзім ұсынған бизнес жоспарымда көрсетілген қажетті заттарды сатып алдым. Оның ішінде тоңазытқыш, мұздататын камера, миксер сынды торт тағамын дайындауға қажетті заттар бар, – дейді кәсіпкер.

Бүгін өзінің сүйікті ісімен айналысып жүрген Надежданың қолынан неше түрлі торт жасау келеді. Ол өзінің инстаграм желісіндегі парақшасында жеке кәсібін жүргізіп отыр. Осы арқылы жергілікті тұрғындардан тапсырыс та түсіп жатады. Оның сыртында туған-туыс, таныстары да тапсырыс беруде.

-Қазіргі уақытта жұмысым жақсы жүріп жатыр. Тортқа сұраныс жоғары. Көбінесе, «Молочная девочка», «Шоколадная вишня», «Мятный с клубникой» деп аталатын торттарға тапсырыс өте көп.

Сондай-ақ балаларының туған күніне орай ата-аналары көп тапсырыс береді. Жас қыздар өздерінің сүйіктілеріне арнап торт жасатады. Мен өз кезегімде тапсырысты дер кезінде дайындауға тырысамын. Осылайша тапсырыс берушілердің де көңілінен шығып жатамын, – дейді жеке кәсіпкер.

Надежданың екі қызы мектеп оқушылары. Кішкентайы бала бақшаға барады. Аналарының тәтті торт пісіретініне олар да қуанышты. Кейде оның дайындаған торттарының дәмін көріп, өз бағаларын беріп жатады. Жолдасы Вадимде қолынан келгенше жарының кәсібіне көмектеседі.

-Мен жеке кәсібімді ашқаныма қуаныштымын. Өзімнің сүйікті ісіммен асханада таңнан кешке дейін айналысуға дайынмын. Еш шаршамаймын. Тек тапсырма берушілердің көңілінен шығуды ойлаймын, – дейді ол.

Адамға бақыт үшін қомқорлық танытатын отбасы мен сүйікті кәсібі болса болғаны емес пе.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77