Шебер Райхан Рахалиеваның қолынан шыққан бұйым көпшіліктің қызығушылығын тудыруда
Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Шебер Райхан Рахалиеваның ерекше көрпесі» атты бір жәдігердің онлайн көрмесі жұмыс істеуде.
Бір жәдігер көрмесінде өлшемі бойынша рекордтық, көздің жауын алатын, терең мағыналы көрпе ұсынылған.
Қолөнер – халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, тамырын тереңге жайып келе жатқан мұрасы. Көрпе тігіп, құрақ құрау – халқымыздың дәстүрлі қолөнерінің бірі. Бұл қазақ халқының қонақжайлылығының бір көрінісі. Аналарымыз есіктен енген қонағына төрін беріп, көрпесін төсеп, қазан көтерген. Халықтың осындай асыл қазынасын қастерлеу әрбір адамның борышы. Бұл музей тарихында айрықша символдық мәнге ие жәдігер болмақ.
Көрпесіз қазақ шаңырағын елестету өте қиын. Көрпені қыз жасауына қосады. Осылайша, ұлттық салт-дәстүр ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Көрпе құрақ техникасында жасалып, ою-өрнек (өсімдік, зооморфты, геометриялық немесе космогониялық ою-өрнектермен) салынады.
Қостанай қаласының тұрғыны, ісмер Райхан Рахалиева Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінде Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорына айрықша тарту жасады.
Наурыз мейрамына орай 2021 жылдың 21 наурызына ұзындығы 21 метр көрпе әзірледі. 21 саны – үш жетіден тұратын нышандық белгі.
Қазақ халқында 7 саны қасиетті – 7 ата, 7 қазына, 7 ғалам, 7 қат жер, 7 амал, 7 күн. Наурыз көже 7 түрлі дәмнен жасалады.
Райхан Рахалиеваның қолынан шыққан, көздің жауын алатын көрпеге қошқар мүйіз оюы салынып, қызыл және жасыл түсті масаты матамен өз үйлесімін тапқан.
Райхан Тоқтарбайқызы Торғай облысының Саға ауылында дүниеге келген. Кейіннен Науырзым ауданында тұрған. Мамандығы – тігінші. 1986 жылдан бастап қолданбалы өнермен айналысып келеді. Шебер ұлттық киім, көрпе, қоржын, шабадан және т.б. тігеді. Қолы шебер жан көптеген көрмелерге қатысқан. Оның бұйымдары Қазақстан, Ресей, АҚШ, Түркия және Италиядағы жеке коллекцияларда бар. 2007 жылы Райхан Рахалиева Астанада өткен Қостанай облысының мәдениет күндеріне арналған көрмеге қатысқан. 2017 жылы Астана, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Экспо» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясындағы «Этноауыл» этномәдени кешенінде қолөнершілер көрмесіне қатысты. Райхан Тоқтарбайқызы облыстық және қалалық көрмелердің белсенді қатысушысы.
Он саусағынан өнер тамған шебер болашақта Гиннестің рекордтар кітабынан орын алуды жоспарлап отыр.
21 метр көрпе тарихи-өлкетану музейіндегі көрмеде 21-ші сәуірге дейін тұрады. Осынау керемет дүниені көрем деушілерге әрдайым есік ашық.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77