Новости

Ұлы ұстаздың аруағына Құран бағышталды

Өңіріміздің зиялы қауым өкілдері педагог-ағартушыны еске алды

Бүгін Ұлы ұстаз, ақын, педагог-ағартушы Ыбырай Алтынсариннің қайтыс болғанына 130 жыл болды.

Осыған орай Ыбырай Алтынсарин кесенесінде «Мәңгі өшпейтін тұлға» атты – еске алу кеші болып өтті.
Аталмыш жиынды Ыбырай Алтынсарин мемориалдық мұражайының қызметкерлері ұйымдастырды. Мұнда А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры, философия ғылымдарының кандидаты, ыбырайтанушы, Жақып Қалқаман жиналғандарға ұлы ұстаз жайында тың мәліметтер беріп, оның артында қалған құнды дүниелері жайында баяндады.


Сонымен қатар Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының қазақ тілі мен қазақ әдебиет пәнінің мұғалімі Ағыбай Нұғманов өз сөзінде жерлесіміз, педагог-ағартушы Ыбырай Алтынсариннің қазақ халқын білімге шақырып, жарқын болашаққа жетелегенін мысалға келтірді.

Көзі ашық, көкірегі ояу ұлтым деп қам жеген ұстаздың алдына қойған мақсаты да анық еді. Ол қалың ұйқы құшағында жатқан халқын оятып, олардың білім нәрімен сусындатып, жан-жақты сауатты болудары үшін тынбай еңбек етті.

Бүгінде ұлтымыздан асқан білімді де білікті азаматтар шығып, әлемге танылып жатыр. Бұл біріншіден әрине, ертеде халқым сауатты болсын деп шырылдаған Ыбырай Алтынсарин атамыздың еңбегі дер едім.

Сондықтан мұндай тарихи тұлғаның аты да заты өшпек емес. Ұлт мақтанышы, ұлы ұстаз мәңгі жадымызда қалары анық.

Міне, осындай дара туған тұлғаны еске алуға жиналған қауым көп болды. Оның ішінде Қостанай қалалық ардагерлер кеңесінің, Қостанай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының, Қостанай ауданының әкімдігінің, Қостанай облыстық білім басқармасы мен Қостанай қаласының білім бөлімінің, Қостанай облыстық мәдениет басқармасының, Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің, Қостанай облыстық Л.Толстой атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасының, Қостанай облыстық Ы. Алтынсарин атындағы балалар және жасөспірімдер кітапханасының өкілдері арнайы қатысты.

Жиын барысында ақын, педагог-ағартушының кесенесіне гүл шоқтары қойылды.

Елім деген ерін осылайша жерлестері еске алып, оның аруағына арнап Құран бағыштады.


Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77