Қостанай қаласы №28 мектеп-гимназиясының оқушысы
Әлем мен үшін несімен маңызды? Бұл сұраққа көп ойландым. Иә, біз қазір алаңсыз өмір сүріп жатырмыз. Білім алуға да, жақсы өмір сүруге де еш кедергі жоқ. Менің нағашы атам Қызылбай Нұрғазин Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер. Өзім бала болсам да, қанқұйлы шайқастың қаншама отбасына қайғы-қасірет әкелгенін жүрегіммен сеземін. Оны атам ашып айтпаса да, жүзінен сезілетін дейді көзін көргендер. Бүгінде Қызылбай атам өмірде жоқ.
Соғыс уақытының барлық ауыртпалығын арқалап, ерлікпен өткен ардагерлер қатары жыл өткен сайын азайып келеді. Ұлы Отан соғысының қаһармандары үшін біздің қолымыздан келетін жалғыз нәрсе – олардың нағыз ұлы Жеңісін қастерлеу және қастерлі түрде есте сақтау. Осы ащы естеліктерді жеткізу арқылы біз болашаққа соғыссыз әлем құрып жатырмыз.
Атам Қызылбай Нұрғазин 1909 жылы Торғай кентінде туған. Иванов мектебінің екі сыныбын бітіріп, аудан мекемелерінде қызмет істеген. 1941 жылы соғысқа алынған. Бұл кісінің майдандағы ерліктері туралы Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әзілхан Нұршайықов, басқа да жергілікті авторлар бірнеше рет жазды. Барлауға барған бір сапарында 15 немісті тұтқынға әкелгені бір төбе. «Қызыл Жұлдыз» ордені, «Ерлігі үшін» медалі, басқа да жауынгерлік наградалары соның айғағы. Соғыстан оралған соң, аудандық ауылшаруашылық мекемесінде бастық болды, кейін «Үшінші Интернационал» ұжымшарын басқарды, «Бестау» кеңшарында бөлімше меңгерушісі, Шилі жұмысшылар кооперациясының төрағасы қызметтерін атқарды. Нағашы атам 1980 жылы қайтыс болды.
Егер мен атамды тірі күнінде көргенімде ғой! Өзіме ғана емес, әулетіміздің тарихына да қатысты небір қызықты жайттарды біліп алар едім. Өйткені, майданда соғысқан адамдардың тағдыры бөлек. Бірақ нағашы атам туралы, оның соғыстағы ерліктері жайлы жазылған туындылар, өлеңдер бар. Бізге ол құнды. Мәңгілік естелік. Біз жыл сайын ата рухына тағзым ретінде 9 мамырда ол кісіні еске алып, құран бағыштаймыз. Тағы бір айта кетерлігі, Алматының Жеңіс саябағындағы мемориалдық тақтаға Қызылбай Нұрғазин атамыздың есімі жазылған. Бұл біз үшін зор мақтаныш.
Біз, еліміздің жас ұрпағы, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы халқымыздың ерлік істерін мәңгі есте сақтаймыз. Болашағымыз үшін жанын қиған батырлардың есімі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Біз өз өмірлерін аямай, келешек ұрпақ үшін азаттық пен бақытқа қол жеткізгендерді ешқашан ұмытпаймыз. Жеңіс күні баршамыз үшін ең қасиетті мерекелердің бірі деп білемін. Жастардың бойына осы Жеңістің ұлылығы мен маңызын насихаттау өте маңызды.
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77