Нұртөре Қыдырбек атасы Жақсылық Дүзжасарұлының үш майданнан аман қалғандығын айтады
Жыл сайын 9 мамыр келген уақытта өзім қатарлы көп балалардың соғысқа қатысқан аталарын жетектеп орталық алаңда «Өшпес даңқ» шарасына қатысып жүргенін көргенде, қызығып та, қызғанып та қараймын. «Шіркін, менің майдангер атам да тірі болса ғой» деген сезімде боламын. Жүгіріп барып, қарт жауынгердің қолынан ұстап аламын кейде. Сонда басына ақ түскен, бетінде ызғарлықтың табы бар ақсақал сәл жымиып, шашымнан бір сипаған кезде құрыштай күрек алақанынан әлдебір жылылықты сезінесің. Бірақ ол кісі өз атаң емес, сенімен бірге бір үйде тұрмаған соң бәрібір өзге баланың атасы екенін амалсыз мойындайсың.
Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 75 жыл толса да, оның зардабы майдангер біткеннің жүрегінен кеткен емес. Қазір арамызда жүрген ардагерлердің әрбіреуінің тағдыры екіншілеріне ұқсамайтын қилы тарихқа толы – өксік-өкініші мен қуанышы қатар бастан өткен күндері естерінен шыға қоймас. Ол аздай, жауынгерлердің соғыс уақытында туған бауырларынан айырылғандары қаншама! Сонда да олар ештеңеден аянбады, бұқпады, елін-жерін өр кеудесін тоса қорғады. Сұм майдан аға-бауыр, достарын келмеске алып кеткенмен, бүгін олардың көңіліне бейбіт замандағы қарайған ұрпағы медеу. Қазір Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлердің ең жас дегендері тоқсан беске келді.
Менің ұлы нағашы атам Дүзжасарұлы Жақсылық 1939 жылғы жапон басқыншыларына қарсы қанды қырғын мен 1941 жылы басталған алапат майданды көрген адам. Елге аман-сау оралып, сексен бес жасында дүниеден озыпты. Біз кейінгі ұрпақ болсақ та, ұлы нағашы атамыздың суретінен ол кісінің нағыз даланың көкжалы, майданның жолбарысы болғанын аңғарамыз.
Жақсылық атам 1898 жылы дүниеге келіп, ауылда ескіше сауат ашқан, кейін кирилл қарпін таныған, өз замандас-құрбыларының ішінде әжептәуір сауатты саналған адам. Он сегіз жасында Николай патшаның «Июнь жарлығымен» тыл жұмыстарына алынып, Ресейдің батыс өлкесіне айдалады. Ол жерде соғыспаған, Қазақ жерінен барғандар тек окоп қазу, қару-жарақ тасу, хат-хабарды уақтылы қабылдап алу, оны жөнелту жұмыстарына жегіліпті. Бірақ орыс тілін аздап білетінінің арқасында әрі 1917 жылғы төңкерістерден кейін ұлы нағашы атам әскери қызметке алынып, Сібір гарнизонының Забайкалье әскери округінде еңбек етеді.
1939 жылы жапон армиясы Моңғолияның Халхын-Гол жері арқылы Кеңес Одағына басып кіргісі келген уақытында басқыншыларға ең жақын орналасқан Забайкалье әскери округі екен. Сол арадағы полктың қатарында Жақсылық атам да жапон басқыншыларына қарсы соғысуға барады.
«Жапондар шекараға келіп тірелген Кеңес-Моңғол әскерін сарылтып күттіріп қоймай, 11 мамыр күні со¬ғысты бастап жіберді. Майданның алғы шебі 80 шақырымға, алғы шептен¬ тылға дейін 25 шақырымға созылып жатты. Соғыс қыркүйек айы¬ның ортасына дейін жалғасты. Екі жа¬рым айға созылған ұрыста жапондар көп шығынға ұшырап, қыркүйекте жеңілгені туралы мойындады», – деп айтады екен ұлы нағашы атам өзінің естелігінде.
Бір қызығы, сол Кеңес-Жапон соғысына қатысқан қазақ әрі Моңғолия Батыры атағын алған Ікей Мизамұлы да бар.
Жақсылық атам ол уақытта жасы қырыққа таяған әрі елін сағынып, ауылға қайтуға сұранып жүрген кезі екен. Әне-міне босатыламын деп жүргенде, фашистік Германия Кеңес Одағына қарсы соғыс жариялайды. Отан қорғау – ұлы міндет. Атам соғысқа аттанбас бұрын, 1941 жылдың көктемінде екі ай бойы Челябі маңындағы әскери-тактикалық ұрыс дайындықтарынан өтеді. Минаметтың бірінші нөмірлі есептегіш нысанашы орнын атқарады. Сталинград қаласы жау қолынан азат етілген кезде ол 4-ші гвардиялық механизацияланған корпустың құрамын толықтыру жұмыстарын жүргізіп, ұрыс зардаптарын жою науқанына қатысады. Сталинград түбінен Дондағы Ростовқа жаяу аттанғандар құрамында ұлы нағашы атам да бар екен. Олар батысқа қарай 700 шақырым жаяу жүріп барады:
«Сол бір күндер өте қауіпті сапар болды. Біздің жаяу әскерге жалпы армия шабуылға кірер алдында үлкен қақпаларды талқандап, кедергілерді жоятын аса жауапты міндет артады. Ол ажалға бетпе-бет айдаумен бірдей саналды, қас-қағым сәтте оққа ұшып кете бересің. Фашистер біздің батальондарды қоршауға алып, екеуінің арасын үзіп, байланыстан ажырату тәсіліне көшіпті. Мені командир шақырып, екінші бригадаға тапсырмамен жіберді. Бұл өмірімдегі басымды өлімге байлаған сәттердің бірі еді. Мақсат – келесі батальоннан екі көлікті аман-есен қаладағы азық толы қоймаға жеткізу екен. Құдай сақтап, сол жолғы тапсырманы мүлткісіз орындадым. Әйтеуір бір аптадан кейін соңымыздан келген кеңес жауынгерлері жау өтінен құтқарып қалды», – дейді естелігінде.
Міне, осындай қысылтаяң шақтарды басынан өткерген жауынгер атам 1943 жылы ұрыстардың бірінде батальон командирінің өмірін сақтап қалыпты. Бірақ өзі ауыр жараланады. Сөйтіп, қырықтың ортасына келген ол елге оралады. Үйленеді, балалы-шағалы болады. Бригадир қызметін атқарады. Аудан, облысқа қаншама қызметтерге шақырса да, бәрінен бас тартады. Нағашы атам қанша қиындық көрсе де, көңіліне балалары мен олардан тараған ұрпағы жұбаныш болды.
Біз – кейінгі буын осындай жаужүрек батыр аталарымыздың ұрпағы екенімізді әрдайым мақтан тұтып жүруіміз керек. Менің өзім «Жас сарбаз» сыныбында оқимын әрі келешекте әскери маман болуды армандаймын. Аталарымыз секілді өжет, жаужүрек болып ер жету – біздің мақсатымыз. Біз тек бейбіт күннің сарбаздары болып, еліміздің ұлан-ғайыр шекарасын қорғап, өз еліміздің тыныштығы үшін аянбай еңбек етсек деймін.
Нұртөре ҚЫДЫРБЕК,
Қостанай қаласы әкімдігі білім бөлімінің №28 мектеп-гимназиясының 7 «Ә» «Жас сарбаз» сыныбының оқушысы
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77