9 мая

«Кімнің ұрпағы екеніңді айтып бер!» байқауының қатысушысы Сабина атасы Қайырбай Бекназарұлы жайлы жазыпты

«Жеңіс хаты» атты әңгімесін жетекшісі екеуі орындаған көрінеді

Жеңіс хаты

Отан үшін отқа түс, күймейсің!
Бауыржан Момышұлы

Мен Күзембаева Сабина Саматқызы Қостанай қаласындағы С.Мәуленов атындағы гимназияның 6 «А» сыныбында оқимын. Бүгінгі​ Жеңіс хатында өзімнің ұлы атам Күзембаев Қайырбай Бекназарұлы туралы жазғым келіп отыр. Менің атам Ұлы Отан соғысында Сталинград майданында талай рет ұрысқа кіріп, бірнеше рет ауыр жарақат алған. Талай жылға созылған алапат соғыста менің атам «Жеңіс үшін алға!»,- деген ұранмен көзсіз ерліктер көрсеткен.Осындай батыр атамызға Елбасы Н.Ә.Назарбаев атынан сыйлық та табыс етілген болатын.Елім деп еңіреген ер, өз кеудесін оққа тосып, жау алдында асқан батырлық пен көзсіз ерлік көрсеткен менің жауынгер атам бүгінгі ұрпаққа қайсарлықтың ерекше символы іспеттес. Елге аман-сау оралған атам​ сол соғыс күндерін көз алдына қанды жаспен еске алып, бір окопта жауға қарсы соғысқан, бір үзім нанды бірге бөліп жеген қандыкөйлек достарын үнемі сағынышпен, тебірене еске алып, енді бұндай соғыс болмасын, аспанымызды қайғының қара бұлты торламасын,- деп тілейтін. Сонымен қатар, ​ менің атам Күзембаев Қайырбай ​ Кеңес Одағының батыры, біздің жерлесіміз Сұлтан Баймағамбетовпен бірге Фин жерінде соғысқа қатысқанын жиі тілге тиек ете отырып, Сұлтанның бұл өмірден ерте өткенін қапалана айтып, бізге сендер келешек ұрпақ бұндай соғысты көрмеңдер деп тілейтін.

Биыл талай шаңырақты күйреткен, талай баланы әкесінен, талай қарындасты бауырынан айырған алапат соғыстың аяқталғанына 75 жыл толғалы отыр. Жылда өтетін Жеңіс шеруіне қатысатын ардагерлер саны күннен-күнге азайып келеді. Менің батыр атамның да фәниден бақиға аттанғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Атамның тілеген тілегі орындалып, біздің еліміз​ қазіргі таңда бейбіт өмір сүруде. Көгімізден көгершін қалықтап, күн сайын талай сәби өмір есігін айқара ашуда. 9-мамыр күні мен үшін ерекше күн. Осы күні ұлы атамды еске алып, отбасымызбен Жеңіс шеруіне барамыз. Атамызға арнап, дастархан жайып, Алладан оның жанының пейіште шалқуын тілейміз.​

Осы бір “Жеңіс хатында” мен өзімнің сәби жүрегіммен соғысқа қатысқан ардагер аталарымызға, Мәншүк пен Әлия сияқты батыр қыздарымызға, елде жүріп ертеден кешке дейін тынымсыз еңбек майданында жұмыс жасаған аталарымызбен әжелерімізге сол кездегі еңбектері үшін, көрсеткен шыдамдылықтары үшін мың мәрте басымды иіп, шексіз алғысымды айтқым келеді. Осы үлкен Жеңістің арқасында қазіргі таңда менің елім егеменді ел болып отыр. Осы егемендікті құлатпай, елімнің жылдан-жылға дамып, әрі қарай өркендеуі үшін қолымнан келген үлесімді қосатын боламын.

Кузембаева Сабина
Жетекшісі: Мукашева Б.Ж.
Қостанай қаласындағы
С.Мәуленов атындағы гимназияның
6 «А» сынып оқушысы


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77