9 мая

«Кімнің ұрпағы екеніңді айтып бер!»: Өмір зулап өтіп жатыр. Міне, биыл Ұлы Жеңіске – 76 жыл толды. Біз соғысты көрген жоқпыз, сонымен де біз бақыттымыз

Менің аталарым ұлы өзгерістер жасаған дәуірдің ұрпағы. Ол дәуірдің адамдары соғыста жеңіске жетті. Аталарымның біздер үшін жасаған жақсылығын ешқашан жадымнан шығармаймын

Аталарымның ерліктерімен бастан кешкен оқиғалары жайлы әкем мен анамнан сұрағанымда, олар соғыс кезіндегі қорқынышты айтып жүрегіме жара салғысы келмейтіндерін түсіндіріп ештеңе айтпайтын. Мен оларға Ұлы Отан соғысы туралы қазақ әдебиеті, орыс әдебиеті және тарих сабақтарынан оқығанымды айттым. Соғыстың талай баланы жетім еткенін, талай ананы баласынан айырғанын кинолардан, кітаптардан оқып білгенімді түсіндірдім. «Мектепте ұстазым Жеңіс күні туралы шығарма жазып келуіме тапсырма берген болатын. Енді сол шығармаға ардагер аталарым жайлы естеліктерді қатыстырсам тіпті қатып кетеді ғой» – деп олардан ардагерлер жайында әңгімелеп беруін өтініп сұрадым. Осы өтінішімнен кейін әкем мен анам аталарым жайлы үлкен тебіреніспен, толғаныспен баяндап берді. Мен жүйрік бала қиялыммен сол кездегі ұрыс даласында жүрген аталарымның жанкешті ерлігін көз алдыма елестетіп, көзіме жас алдым. Және бұл естіген естелікті шығармама арқау етуге шештім.

Әкемнің атасы, менің ұлы атам Ұлы Отан соғысының ардагері Дүйсембаев Шоқай атамның өмірі мен жауынгерлік және еңбек жолына тоқталсам. Шоқай атам 1902 жылы Әулиекөл ауданында Қарақалпақ ауылында дүниеге келген. Бейбіт жатқан Отанымызға фашистер шабуыл жасап басып кіргенде, ол 1942 жылы Отанын қорғауға өзі сұранып майданға аттанып кетеді. Шоқай ата 463-ші атқыштар полкінің құрамында ұрысқа қатысқан. 1943 жылы Данбастың майдан даласында фашистермен жан беріп, жан алысып шайқасып,аяғымен мина басып ауыр жарақат алып госпитальда ем қабылдайды. Сол жылдың қыркүйек айында атам бір аяғынан айырылып елге қайтады. Ауылда атамды Жұмакүл әжем үш баласымен сарғайып күтіп отырады. Ауылға оралған соң Шоқай атамыз мүгедектігіне қарамастан шопан болып жұмыс істейді. Ұлы Отан соғысының ардагері, Шоқай атам 1955 жылы дүниеден озады.

Анамның нағашы атасы, Ұлы Отан соғысының ардагері Оспанов Баязид атам жайлы анамның айтқанынан баяндап берсем. Баязид ата 1921 Қостанай облысының Жангелді ауданында дүниеге келген. Соғысқа дейін ол колхозда бас инспектор болып жұмыс істеді. 1941 жылы Жангелді аудандық әскери комиссариатқа шақырылып, майданға жіберілген. Сталинград майданында 112 атқыштар полкінде ұрыстарға қатысқан. 1942 жылы майданда ауыр жараланып, бір қол бір аяғынан айырылып, 2-ші топтағы мүгедек болып 1944 жылы елге оралады. Соғыстан кейін Жангелді ауданында жұмыс істеген. 1956 жылдан 1969 жылдар аралығында Қамысты ауданында Бестау ауылында бригадир, кейін сауда бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған. Баязид атамның әскери марапаттарының ішінде ең жоғарғысы – Даңқ ордені және «Сталинградты қорғағаны үшін» медалі. Баязид ата Алима әжемен бірге 11 бала тәрбиелеп өсірген. Ұлы Отан соғысының ардагері, Баязид ата 1979 жылы дүниеден озды.

Ендігі кезекте анамның туған атасы жайлы баяндасам. Анамның атасы, менің ұлы атам, тыл ардагері Исмагулов Әлмағамбет 1912 жылы дүниеге келген. Нағашы атам байдың баласы деп қудаланып, 1941 жылдың желтоқсан айында сотталған екен. Репрессияға ұшыраған Әлмағамбет атам түрмеде отырмапты. Ол штрафной батальонда болып, жарылған снаряд, жаңбырша жауған оққа қарамай жаумен бетпе-бет соғысқан екен. Соғыс аяқталған кейін Әлмағамбет ата ақталып, ауылға аман сау оралып, анамның әжесі Сәлима әжемен отбасын құрады. Әлмағамбет атамнан анамның әкесі нағашы Әділбек ата туған, ол кісінің жиені мына мен. Әлмағамбет атам бейбіт өмірде 1995 жылы өмірден өтті.

«Соғыс» деген жауды менің аталарымдай қарапайым адамдар жеңді деген ой түйдім. Бүгінгі уақытта әрбір бейбіт күніміз үшін, қатары сиреп бара жатқан ардагерлерімізді қадірлеп бас иіп, өмірден өткен аталарымыздың ерліктерін ешқашан естен шығармау біздің парызымыз. Мен жер бетінде ешқашан соғыс болмаса екен деп тілеймін.

№ 115 орта мектебінің

7 сынып оқушысы

Бағланқызы Жанел


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77