Новости

Бөдене – бизнес көзі

Етімен жұмыртқасы бірталай ауруға ем

Осыдан үш жарым жыл бұрын бөдене асырауға қызығушылығы артқан Сақтаған Бақпасовтың бүгінде екі жүзден астам бөденесі бар.

Бірнеше жыл бұрын теледидардан бөдене баққандарды көріп, өзіде айналыспаққа бекінген. Қазіргі таңда бөдене бағу ісі оның сүйікті хоббиіне айналған. Ал, бөденеші құс өсіретін торды өзі қолдан жасап шықса, инкубатор, басқа да қосымша құрал-жабдықтарды Чельябі қаласынан алғызған.

– Бұл мен үшін табыс көзі емес. Хобби. Төрт жыл бұрын теледидардан көріп, өзіміздің Қостанай қаласынан 20 шақты балапанын сатып алдым. Оларға арнайы қора соқтым. Құс қораның едені көгілдір отынмен жылытылады. Ауа температурасы күні-түні бір қалыпта. Су автоматты түрде келіп тұр. Өздері үйреніп алған. Шүмекті тұмсығымен шоқып су іше береді (Кәдімгі қолжуғыштың шүмегі сияқты екен. Бөдене тұмсығымен көтеріп қалса, су тамшылайды.)  Алдарындағы жемсалғышты қолдан жасадым. Таңертең бір рет, кешке бір  рет жем беремін. Бөдене күтімі көп уақыт алмайды. Бір құс тәулігіне бір жұмыртқа береді. Көрші-көлем, туыс-туған, құда-жегжаттарға беремін. Бөдененің еті де аса дәмді, әрі пайдалы. Асып, қуырып, кәуап жасап, қақтап жейміз, — дейді Сақтаған Бақпасов.

Бөдене етімен жұмыртқасының  емдік қасиеті жағынан денсаулыққа тигізер пайдасы орасан зор. Қазіргі таңда көпшілік жиі зардап шегетін қан қысымын қалыпқа келтіріп, ас қорыту жүйесін жақсартады. Бөдене жұмыртқасын сырқат және әлсіз жандар тұтынатын болса, иммунитеті көтеріліп, сергіп қалады. Қаны аз, жүрегінің дімкәсі бар, үнемі басы ауырып жүретін, яғни басының сақинасы бар, тыныс демікпесінен қиналып жүргендер, асқазаны ауырып, өт қабына тас жиналғандар үшін де таптырмас ем. Ең бастысы, тауықтікіне қарағанда бөдене жұмыртқасының құрамында холестерин төмен. Аллергия тудырмайтындықтан балалар тағамы ретінде де қорықпай қолдануға болады. Әсіресе, диатезден зардап шегетін балапандарға ойланбай ұсынуға болады екен.

Бөденеші Сақтағанды қинап тұрған бір мәселе – Қостанай өңірінде бөденелерге арналған арнайы жемнің жоқтығы. Ол жемді көршілес Ресей елінен, болмаса Өскемен, Көкшетау жақтардан алғызады. Сақтаған Бақпасов әзірге бөдене өсіруден пайда тауып, байи қойған жоқ. Алайда бөдене жұмыртқасы мен етін жеу үшін үйне іздеп келіп сатып алатындар да баршылық. Түскен табыс әзірге құстардың жемі мен жұмысшылардың жалақысынан артылып жатқан жоқтығын айтады.

–Үйге іздеп келіп сатып алушылар бар. Қазір жұмысртқасы мен құстың өзі қымбат та тұрмайды. Жұмыртқасы 15-20 теңгенің арасы болса, бөдененің өзін кейде 800-1000 теңгенін аралығында сатып жіберемін. Көбіне алатындар, таныстарым. Қостанай қаласы бойынша орыс ұлтты азаматтар бар таныстарым, мен сияқты бөдене бағатын. Олар енді ауқымды, былайша айтқанда кәдімгі кәсіп көзіне айналдырып, мыңдап-екі мыңдап асырап отыр, – дейді ол.

Болашақта қажетті құжаттарын жинап, жеке кәсіпкерлік ашу ойында. Екінші жағынан тұрғылықты жердің рұқсат етілетін нормаға сәйкес келмейтіндігі кедергі болып отыр. Ол үшін жеке жерің мен үлкен алаңын болуы шарт. Ол жұмыстарға өзге іспен де айналысқандықтан толық білек сыбана кірісіп кете алмай отырғандығын айтады. Сондай-ақ, Сақтаған бақша өсірумен айналысып, өзгеде үй құстарын қолда асырып, өсіріп отыр.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77