Новости

Биыл студенттер жатақханасындағы орынның бағасы өсті

Оның өзіндік бірнеше себептері де бар

Тамыз айы басталысымен жаңа оқу жылына дайындық қыза түсетіні белгілі. Бұл айда жоғары оқу орнының студенттері жаздай демалған ауылдарынан сөмкелерін арқалап, қалаға бет алады. Қостанай шаһарына еліміздің түкпір-түкпірінен жастар білім алуға келеді. Мемлекеттік «Серпін» бағдарламасының аясында оңтүстіктен облыс орталығына келіп білім алып жатқандар қаншама.

Сондай-ақ қаламыздан шалғайда жатқан аудандардан да білімге құштар талапты жастар ағылып жатады. Сырттан келіп білім алып жатқан студенттерді мазалайтын жайттар да аз емес. Оның біріншісі де маңыздысы да қалада қайда тұрамын деген ой.

Бүгін де Қостанай шаһарында көптеген жоғары оқу орындары мен колледждер бар. Олардың барлығы жылда білікті де білімді мамандар даярлап шығарады.
Міне, осындай оқу орындарының өздеріне қарасты жатақханалары да бар әрине. Бірақ, білімге талпынған жастардың бәріне жете бермейтіні өкінішті. Жалпы, елімізде студенттерге арналған жатақханалардың санын арттыру мақсатында құрылыстар бастау алды.

Міне, осындай жаңа жатақхана құрылысын бастап кеткен Ө.Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетіндегі жатақхана жайын білу мақсатында арнайы барып, жоғары оқу орнының ректоры Еркін Әбілмен жолығып, көкейімізде жүрген сауалдарымызға жауап алған болатынбыз.

Қазіргі таңда мұнда 3 мың студент білім алып жатыр. Олардың 2 мыңы күндізгі бөлімде оқиды. Ал қалған мың студент болса арақашықтық жүйесі бойынша білім алып жатыр.
Бұл оқу орнында қазір 2 жатақхана бар. №1 жатақханада 465 орын. Ал аталмыш жоғары оқу орын жалға алып отырған жатақхана 130 орындық. Сонымен қатар мұнда жаңа жатақхананың құрылысы басталған. Ол 3 қабатты төрт ғимарат болады. Бүгінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Осы жатақхананың құрылысын өзінің жауапкершілігіне алған мердігерлер құрылыс жұмыстарын белгіленген уақыттап бітіретіндеріне сенімді. Бұл жаңадан салынып жатқан жатақханада 334 орын болады. Бұл біріншіден студенттерге жаңа да жайлы тұратын орындар пайда болатынын білдірсе керек.

Жалпы, жатақханаға орналассам деушілердің саны өте көп. Бірақ, өздеріңіз көріп тұрғандай студенттерге ұсынылатын орын өте аз. Сондықтан жатақханаға әлеуметтік қамтылған топтардың балалары бірінші кезекте орналасатын болады. Олар мүмкіндігі шектеулі балалар, көп балалы отбасынан шыққандар, аз қамтылған отбасының балалары, ата-анасынан жетім қалғандар және басқалар.

Міне, осы топтағылар жатақханадан орын алу үшін өздерінің әлеуметтік жағдайларын растайтын ақынтамасын алып келіп, бөлме алуға ниет білдіре алады.

Осындай отбасыларының балалары орналасқаннан кейін қалған студенттердің ішінде бірінші курс және шалғайда жатқан елді-мекендерден келген жастар орналастырылады.

Жатақхана алу үшін қазір мемлекеттік электронды портал арқылы өтініш беруге болады. Сонымен қатар жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына келіп, жазбаша түрде де өтініш тастап кету қажет.

Сондай-ақ тағы бір атап өтетін жай биыл жатақханадағы бір орынның бағасы айтарлықтай өскен. Мысалы, былтыр аталмыш жоғары оқу орнының студенттер жатақханасындағы бір орынға студенттер айына 3140 теңге төленген болса, биыл оның құны 7933 теңге болып отыр. Есептеген жанға айырмашылығы жер мен көктей әрине.

Бірақ жатақханадағы орынның мұншалықты қымбаттауының айтарлықтай үлкен себебі де бар. Осы кезге дейін жоғары оқу орны жатақхананың бағасын қымбаттатпай оның коммуналдық шығынын студенттердің оқуға төлеген қаражаттарынан алып төлеп келген. Енді биылдан бастап жатақханадан түсетін қаражат оның өзінің шығындарын өтеуге толық жетуі қажет болып отыр. Сондықтан жатақхананың коммуналдық шығындарын толық жабу үшін мұндағы орындардың бағасы айтарықтай өскен.

Осыдан бірнеше жыл бұрын жатақханалардағы орындардың бағасын мемлекет жіті қадағалауына алып, оның шығындарында жауып отырған. Енді қазір бұл жатақханалардың шығындары жоғары оқу орындарының қаражатына тапсырылған. Сондай-ақ жатақхананың бір жылдық коммуналдық щығыны да қымбатқа түсіп отырған жайы бар.
Міне, осындай бірнеше жағдайларға байланысты биыл студенттердің қалтасы қағылатын болады.

Бірақ бұл көрсеткіш жеке пәтер жалдағанға қарағанда төмен екені белгілі. Осыған қарап студенттерге жатақханаға орналасқан әлде қайда үнемді болып қала бермек.
Осы жолы университеттің №1 жатақханасының ішінде аралап қайттық. Мұнда қажетті жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. 5-4 қабаттардағы бөлмелер толық жөндеуден өткен. Ондағы бөлмелер мен дәліздерде ақтау, сырлау сынды жұмыстар жасалып жатыр. Алдағы уақытта осындай жөндеу жұмыстары 1-2-3 қабаттардағы бөлмелерге де жасалатын болады.
Жалпы, мұнда студенттерге барлық жағдай жасалған. Бір қабатта 2 тұрмыстық бөлме мұнда студенттердің тамақ пісіретін 4 плитасы орналасқан. Іші кең. Сонымен қатар арнайы қажетті жиһаздармен жабдықталған оқу залдары, әр қабатта айна ініген. Бірінші қабатта студенттердің демалатын орнында теледидар мен жайлы орындықтар қойылған. Арнайы жасалған жуынатын және кір жуатын бөлмелер де бар.

Мұндағы үлкен бөлмеде 4-5, ал кішісінде 3 студент жатады. Онда 2 қабатты жатын тақталар орналасқан. Сонымен қатар сабақ жазатын үстелдер мен өздерінің қажетті заттарын қоятын жәшіктер де бар.

Бір сөзбен айтқанда, бұл жерде студенттерге ештеңеге алаңдамай, білім алуларына барлық жағдай жасалған.

Міне, осындай дайындықпен Ө.Сұлтанғазин атындағы университетінің жатақханасы студенттерді күтуде. Тамыз айы келді дегенше жаңа оқу жылыда басталатыны белгілі.
Осы ретте балаларын оқуға түсірген, енді қалада қайда жатқызып оқытамын деп қам жеген ата-аналардың құлағына алтын сырға. Кәсіби білім алып, болашақта білікті маман атанамын деген балаларыңызды ертерек жайлы орындарға орналастыруға асығыңыздар. Ерте қамданған ешқашан қапыда қалмайды. Үйлеріңізде отырып-ақ мемлекеттік электронды портал арқылы аталмыш оқу орнының жатақханасына өтініш қалдыруларыңызға болады.

Аталмыщ жатақханаларға орналасу тамыз айының 20-сынан кейін басталатынын естеріңізге саламыз. Өздеріңізбен міндетті түрде қажетті құжаттарыңызды алып келгендеріңіз абзал.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Суретті түсірген автор


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77