Тылда тынымсыз еңбек еткен Ұрқия Жолмағамбетқызы төрт баламен жесір қалса да еш мойымаған
Биыл, Ұлы Жеңіске 75 жыл. Бұл соғыстың ауыртпалығын сол кезде әр отбасы қатты сезінген.
Менің әжем, яғни, атамның анасы – Ұрқия Жолмағанбетқызы төрт баламен жесір қалған. Әжем латын әліпбиін жетік меңгерген, діни сауатты кісі болған. Әжемнің туған ағасы Әбілкәкім ата 12-13 жасында намаз оқуды, латынша әріптерді үйреткен. Әжеміз діни сауатты кісі болған.
Сол қиын-қыстау жылдары отбасыға түскен барлық ауыр жүкті әжеміз өзі арқалап келген. Күннің ыстық-суығы мен соғыстың зардабына қарамастан, күн демей, түн демей тынымсыз еңбек еткен. Ол кезде бәрін екі қолдың күшімен жасаған, яғни, шанамен, иін ағашпен су тасыған, шөп жинаған, қи-тезек теріп, ағаш жинап отын жарған.
Даланың жұмысынан басқа, әжеміз майдандағы жауынгерлерге көмек ретінде құрт-майын дайындап, шұлық-қолғабын тоқып, қолынан келгенше өз көмегін беріп отырған.
Одан басқа, сол жылдары әжеміз мектеп-интернатта аспазшы болып та жұмыс істеген. 20-30-дан астам балаға пешке от жағып, нан пісіріп, үш мезгіл тамақтарын берген. Ол кездегі отын түрі қамыс немесе тезек болатын.
Әжеміз өте мейрімді, қамқоршы адам болған, барлық балаларды бірдей жақсы көргендіктен, интернатта жатқан балалардың бәрі, менің әжемді «мама» деп атап кеткен екен.
Әжем өз балаларын қалаған мамандықтары бойынша оқытқан. Ұлын ұяға, қызын қияға жеткізген.
Соғыс кезіндегі әжеміздің батырлығы мен төзімділігі, сол кездегі жауынгерлердің ерлігімен тең десек артық емес. Себебі, жауынгерлер қан майданда шайқасса, әжеміз күнделікті өмірдің қиыншылығымен күресті.
Әжем 1994 жылдың 16 наурызында қайтыс болған. Біз отбасымызбен жыл сайын 16 наурызда мешітке барып әжемізге құран оқытамыз.
Әжем бірнеше рет тыл медалімен марапатталған. Бүгінде осындай әжелеріміздің арқасында, тәуелсіз ел атанып, татулық пен тыныштықта өмір сүріп жатырмыз.
Анара ЗАРЛЫҚОВА,
Қостанай қаласы әкімдігінің білім бөлімінің
№10 орта мектебінің 5 «Б» сынып оқушысы
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77