Новости

Нұр-Сұлтан қаласында республикалық ІІІ имамдар форумы болып өтті

Онда имамдардың ұстанар асыл мұраттары жайында жан-жақты айтылды

Жақында Елордамыз Нұрсұлтан шаһарында республикалық III имамдар форумы болып өткені белгілі. Осы аса маңызды жиынға өзім де қатысып, қаншама игі әсер алдым. Басқосудан көргенім мен түйгенімді өңірдегі әріптестеріммен бөлісіп, алда тұрған асқаралы міндеттер жайлы үнемі айтып келемін.

Аталмыш жиынға байланысты Қостанай өңіріндегі аудан, қала, елді-мекендердегі дін қызметкерлеріне арнайы семинар өткіздік. Онда республикалық форумда қабылданған «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасы, «ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі және міндеттері» және «Дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер тізілімі» деп аталатын құжаттарда баяндалған күнделікті қызметімізге аса қажетті жайлар жан-жақты айтылды.

Сонымен форумнан алған әсерім жайлы осы мақаламда тілге тиек етпекпін. Меніңше жоғарыда сөз етілген «Жеті рухани қазық» деп аталатын рухани тұғырнама тек қана дін саласында жүрген имамдардың ғана емес, әрбір мұсылманның үйінде болуға тиіс аса құнды дүние деп есептеймін.

Осы маңызды дүниені қолға алған адам үлкен тебіреніске түсіп, терең ойда қалатындығы белгілі. Өйткені онда әрбір адамның өмірлік ұстанымы әрі мұраты болар жайлар баяндалған. Мұнда имандылық, отаншылдық, білімділік, ауызбіршілік, еңбекқорлық, мәдениеттілік және әділдік жайлы толық баяндалған.

Имандылық бағытында менің әріптестерімнің тындырып жатқан жұмыстары қашанда ауыз толтырып айтарлықтай. Олар халықтың арасында тынымсыз еңбек етіп, мұсылман қауымын ізгілікке, қайырымдылыққа, адамгершілікке баулуда.

Жүрегінде иманы бар адам ешқашан да қиянатқа, әділетсіздікке жол бермейді. Ата-анасын ардақ тұтып, үлкенге ізет, кішіге кішіпейлдік танытады. Өмірде көріп жүргеніміздей, әке-шешесінің бойынан қуат, қолынан күш кеткенде, артық зат секілді, көздері қиып қарттар үйіне тапсырмайды.

Өз басым жастар арасында болғанда осы жайды үнемі саналарына жеткізуге тырысамын. Біз отаншылдық жайын жиі айтамыз. Бұл өте орынды да. Өз отанын сүйген адам ешкімге де жамандық ойламайды.

Жастардың бойына кішкентайынан патриоттық сезімдерді қалыптастыру баршамыздың асыл мұратымыз әрі мақсатымыз. Бұл жөнінде талай алқалы жиындарда айтылып та, жазылып та жүр.

Білімділік, ауызбіршілік біздің ұдайы қозғап жүрген ерекше тақырыбымыз. XXI ғасыр білім ғасыры екендігі даусыз. Мемлекетіміз өркендеген сайын білімге де айрықша көңіл бөлініп, көптеген жетістіктерге жетудеміз.

Бүгін мен күнделікті бірге қызмет атқарып жатқан имамдардың білімі мен біліктілігі жайлы тілге тиек еткенді жөн дер едім. Қазіргі таңда имамдарға қойылар талап та өте жоғары.
Мәселен, олар діни ілім алуларымен қатар рухани жағынан кемел, жан сарайы өте терең болып, жан-жақты біліммен қаруланғандары абзал. Олар шешендігімен, біліктілігімен, қарапайым да адамгершілік қасиеттерімен дараланып жатса нұр үстіне нұр емес пе.

Сол себептен де әріптестерім халықпен тонның ішкі бауындай араласа қызмет атқарып, бойларындағы ізгі қасиеттерімен оларды ауызбірлікке, еңбекқорлыққа, мәдениеттілікке әрі әділдікке шақырып, өздері әрдайым үлгі-өнеге көрсетулері тиіс.

Дін қайраткерлерінің жүздерінен имандылықтың нұры төгіліп, жұртшылықты мәнді де ізгілікке толы сөздерімен айрандай ұйытып жатса құба-құп емес пе.

Форумда қабылданған құжаттардың бірі «Дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер тізілімі» деп аталатын салт-дәстүріміз және дінімізбен біте қайнасқан ұлағатты дүниелер кімді болсын терең ойға жетелері хақ.

Осы арада жалаң сөзге салынбас үшін оның мазмұнына қысқаша тоқталып өткенім жөн болар. Мысалы, сәбиге ат қою, бата беру, Құран үйрету, азан айту, мәуліт оқу, жарапазан айту секілді рәсімдерді әрбір мұсылман бауырларымыз білсе артық емес.

Өздеріңіз де көріп жүргендей, қазіргі таңда имамдар қауымына жүктелер жауапкершілік пен міндет те жеткілікті. Олардың бойында кәсіби білім, жан дүниелері рухани жағынан бай болуымен бірге патриоттық сезім, Отан алдындағы перзенттік парыз, адалдық пен адамгершілік қасиеттер әрбір сөздерінен айқын сезіліп тұрса ғанибет.

Мен еліміздегі барша дін қызметкерлерін бүгін әңгімемізге арқау болған имамдардың республикалық III форумында қабылданған маңызды құжаттарды насихаттауға әрі арамыздағы күллі халықтардың ынтымақ-бірлігін нығайта түсуге шақырамын.

Бахытбек қажы Тәжімбет,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының
Қостанай облысы бойынша Бас имамы


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77