Қостанайда Ұлыстың ұлы күні жоғары дәрежеде аталып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі
Бүгін Қостанайдың басты алаңында дәстүр бойынша киіз үй қалашығы құрылды.Әуелі облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қостанайлықтарды ұлық мерекемен құттықтады.
«Наурыз – жалпыхалықтық көктем мерекесі. Бірлік пен татулыққа шақырады. Көптеген жылдар бойы біз еліміздің береке-бірлігінің символына айналған Наурыз мерекесін тойлаймыз. Ата-бабаларымыздың дәстүрлерін жалғастырып, сол арқылы олардың тарихи құндылығын сақтаймыз. Осы жылы біз Наурызды ерекше сезіммен қарсы аламыз. Себебі, мереке қарсаңында еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттігін доғару туралы жауапты шешім қабылдады. Нұрсұлтан Әбішұлының табысты Қазақстанды құрудағы тарихи рөлі мен орасан зор еңбегін бағалау қажет. Елбасы бастамаларының арқасында осы жылдар бойы еліміз бейбітшілік пен тұрақтылық идеясын жүзеге асырып келеді», – деді өңір басшысы.
Мұнан соң үздік безендіру байқауына кәсіпорындар, кәсіпкерлер мен оқу орындары қатысты. Олар киіз үй ішінде мерекелік дастархан жайды. Сәлден соң «Палау – дастархан қазынасы» көрмесі басталды. Облыстың әр ауданына келген палау жасаушылар сынға түсті. Солардың бірі – Саид Султонходжаев Өзбекстаннан көшіп келген. Палауды 13 жасынан дайындайды.
«Бүгін қостанайлықтарға Наманған палауының дәмін таттырдық. Былтыр да палау жасау сайысына қатысып, жеңімпаз атанғанмын. Биыл да үміт көп. Өйткені, басқаша рецепт ұсынып отырмыз», – дейді сайыс қатысушысы.
Осы уақытта «Әжемнің тәтті бауырсақтары» атты келіндер байқауы қатар өтті. Сондай-ақ, қала орталығында театрландырылған қойылымдар, хорлар шеруі және мерекелік концерт Наурыздың көрігін қыздырды. Түс әлетінде қаланың жас әртістерінің қатысуымен «Наурызбек-Наурызгүл!» атты көктемгі есімдер мерекесі ұйымдастырылды.
Мерекелік шаралар легі «Армандастар» вокалдық студиясы және «Ақ дариға» қазақ әндері хорының концертімен аяқталды.
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77