Новости

Қоқыс – қалауын тапса, кіріс әкеледі

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің қатысуымен кеңес өтті

Онда, ТҚҚ алаңдарын қалыпқа келтіру, олқылықтарды жою мәселесі талқыланды. Қостанай облысы әкімінің орынбасары Сергей Карплюктің айтуынша, 2019 жылы Қостанай, Рудный қалаларында, сондай-ақ, Алтынсарин, Қостанай, Федоров, Меңдіқара және Бейімбет Майлин аудандарында рұқсат етілмеген полигондардың 300-ден астамы анықталған.

– Былтыр 40 ауылдық округті оңтайландыру-біріктіру нәтижесінде қоқыс полигондарының саны 306-дан 266-ға қысқарды. 2019 жылы 22 полигонды санитарлық-эпидемиологиялық талапқа сәйкестендіру жөнінен жұмыстар жүргізілді. Оған 12,5 млн теңге жұмсалды. Жоғарыда айтылған 266 қоқыс полигонының 75-інің қоршаған ортаға эмиссиялау (шығару) рұқсаты жоқ. Аудандар бойынша: Әулиекөлде – 12, Жангелдинде – 8, Денисовте – 2, Жітіқарада – 4 , Қарабалықта – 1 , Қостанайда – 1, Науырзымда – 8, Б.Майлинде – 28, Ұзынкөлде – 11. Экологиялық жоба мен сараптама өткізуге орташа 3 ай уақыт қажет. Сол себепті, аталған аудандардың әкімдіктері қоқыс полигоны иелерімен бірлесіп, алдағы 10 шілдеге дейін жағдайды реттеу керек, — деді Сергей Карплюк.

Ресми мәліметтерге сәйкес, аймақта жылына 250 мың тоннаға жуық тұрмыстық қатты қалдық қоқыс полигонына төгіледі Оларды төгетін аймақта 266 алаңбар. Алайда олардың 111-і ғана заң талаптарына сәйкес келеді.

Айтпақшы, облыста алты қайта өңдеу кәсіпорны бар. Солардың бірі, «Тоқылмаған материалдар фабрикасы» S.M.F.-System» ЖШС. Зауыт директоры Марат Сәдуақасовтың айтуынша, бүгінде компанияда үш цех жұмыс істейді: геотекстильдер мен геокомпозиттер, геомембраналар және полиэтилен құбырларын шығарумен айналысады. Өткен жылы талшықты-оптикалық байланыс желілері үшін қорғаныш полиэтилен құбырын шығаруды басталды.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов аймақ бойынша 6 кәсіп орынның аз екенін айтты. Кемінде 20 болуы керек деді ол.

– Алдағы уақыт Қостанайдағы индустриалдық аймақ аумағында металл қалдықтарын қайта өңдеу зауытын салу жоспарымызда бар. Бұл мәселені үкіметтік деңгейде көтеріп отырмыз. Мұндай кәсіпорын машина жасау, темір илемдеу өнеркәсіптері бар өңіріміз үшін ауадай қажет. Жаңа зауыттың жобалық құны да арзан емес – 2-3 млрд теңге аралығында, – деді Архимед Мұхамбетов.

Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77