Онда елімізде тілдерді дамыту және қолдану аясын қалай кеңейту керектігі жайында жан-жақты айтылды
Қостанай облысы тілдер дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Әдістемелік алаң – тәжірибе алмасу» деп аталатын республикалық онлайн семинары болып өтті.
Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолдаудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында мемлекеттік тіл саясатының орындалуын қадағалау, қолдану аясын кеңейту сынды маңызды тақырыптарды өзек еткен онлайн семинарына еліміздің барлық аймақтарының тіл мамандары қатысты.
Мемлекеттік тілді оқыту орталықтары заман талабына сай әрбір мемлекеттік мекеме және ұйым қызметкерлеріне қазақ тілін білу талабын қойып, осы саладағы оқу-әдістемелік жұмыстардың нәтижемен, өз деңгейінде сапалы орындалуын ұйымдастырып, үйлестіріп отыр.
ҚР Премьер-Министрінің өкімімен бекітілген 2018 жылғы 13 наурыздағы «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшіру» жөніндегі іс-шараларды да жүзеге асыру мақсатында Мемлекеттік тілде оқыту орталықтарының атқарып жатқан оқу-әдістемелік және насихаттау жұмыстарының деңгейі ауқымды.
Сонымен қатар бұл семинардың алға қойған мақсаты – Ақмола облыстық әдістемелік, Алматы облысы «Тіл» оқу-әдістемелік және Қостанай қаласы «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталықтарының оқу-әдістемелік ресурстарымен (оқу бағдарламалары, оқу құралдары, оқу әдістемесі, инновациялық өнім) таныстыру арқылы өзара тәжірибе алмасу, оқытуды біріздендіру жолдарын қарастыру, орталықтың оқытушы-әдіскерлерінің шығармашылық ізденістерін ортаға салу және мемлекеттік тілді оқыту бойынша озық идеялар ұсыну.
Сондай-ақ әр аймақтағы білікті мамандардың басын қосқан семинардың да өзіне тән міндеттері бар. Мәселен, орталықтың оқу-әдістемелік тәжірибесіне шолу жасау арқылы мемлекеттік қызметшілердің оқу бағдарламасын меңгеру деңгейін, оқытудың нәтижелілігін талқылау, оқытушылары жазған оқу-құралдарының мемлекеттік тілді оқытудағы тиімділігін анықтау болып отыр.
Міне, осындай басқа да міндеттерді көздеген семинар барысында, жиналған қауым өздеріне мол мағлұмат алды.
Осы ретте бір атап өтерлігі, Қостанай облыстық тілдерді дамыту басқармасы тілдерді оқыту жұмыстары бойынша республикамызда бірінші үштікке кіріп, мұндағы мамандардың біліктілігін айқын танытты.
Аталмыш басқарманың бөлім басшысы Бақытгүл Сүлейменованың айтуына қарағанда, мұндай онлайн семинарлардың тіл мамандарына берері мол. Олар осындай басқосу арқылы еліміздің өзге аймағындағы білікті мамандармен тілдесіп, тәжірибе алмасып, алда тұрған мақсаттарға бірге қалай жету керекті жайында тың мәліметтер алады.
Бүгінде өздерінің жұмыстарына әрдайым үлкен жауапкершілікпен қарайтын қалалық «Тіл дарын» оқу-әдістемелік орталығының білікті мамандары жергілікті тұрғындарға латын әліпбиін үйрету мақсатында талмастан еңбек етіп жатқаны баршаға аян. Әрдайым бастаған істеріңіздің нәтижесін көре беріңіздер демекпіз.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77