Новости

Жаңа намазхана ашылды

Бұл өнегелі іске жастар мұрындық болды

Жақында Арқалық қаласына қарасты Жаңақала ауылында мұсылмандардың құлшылық орны «Намазхана» салтанатты түрде ашылды. Бұл, биылғы жастар жылындағы ауыл жастарының елге қосқан сүбелі еңбегі. Ауылдың саналы жігіттері өздері ақылдаса келіп, халықты имандылыққа баулу мақсатында өз қаражаттарымен аталған киелі орынды пайдалануға берді.

Намазхана үйінің ашылу салтанатына Әулиекөл ауданы және Арқалық шаһарының бас имамдары Нұрбол Балахметов пен Бектұрсын Уәлиев, сонымен қатар қала әкімінің орынбасары Түбекбай Әубәкіров, ішкі саясат бөлімінің басшысы Мансия Айтмағамбетова, «Жастар ресурстары» орталығының жетекшісі Аманкелді Ахметжанов және басқа да азаматтар қатысты.

Осы басқосуда Арқалық қаласының бас имамы Бектұрсын Уәлиев жиналған қауымды шын жүректен құттықтап, өздерінің лайықты үлестерін қосқан жастарға алғысын білдірді. Оларға алдағы уақытта да мықты денсаулық, отбасыларында бақыт, қызметтерінде табыс тіледі.

Ал жиналғандарға имандылық ордасының қалың жұртшылықтың жиі басқосар орнына айналатындығына нық сенімді екенін айтты. Сөйтіп, намазханаға қасиетті Құран мен аяттар жазылған тақтаны тарту етті.

Намазханаға аталмыш ауыл тұрғыны Бауыржан Мырзабекұлы діни қызметкер болып тағайындалды. Салтанатты жиыннан кейін көпшілікке ас беріліп, аруақтарға Құран бағышталды.

Сондай-ақ жоғарыда әңгіме арқауына айналған намазхана үйінің тұрғызылуына өздерінің демеушілік-қолдауын көрсеткен барша азаматтарға «Алғыс хат» табысталды.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77