Новости

Жастары сауатты елдің – болашағы айқын

Өңірімізде жастарды әлеуметтік қолдау басты назарға алынған

«Жас мұраты білім, тәлім-талабы, өнер, оқу жастың қару жарағы» демекші,  жастардың білімге-ілімге деген құлшынысы көз қуантады.

Елімізде жастарға әрдайым үлкен мән беріліп келеді. «Ел болам десең бесігіңді түзе» дегендей, болашағын ойлаған мемлекет бүгінгі жастарының жағдайын тасада қалдырмаса керек.

Осындай ұстанымды ту еткен Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев үстіміздегі жылды жастар жылы деп те атаған болатын.

Сондықтан биыл жастарға ерекше көңіл бөлініп, оларға әлеуметтік  қолдау жасалып жатыр. Жыл да аяқталып қалды. Осы уақыт ішінде жастардың өмірінде қандай айтарлықтай өзгерістер, жаңалықтар орын алды деген сауал көкейімізде бой көтерері анық.

Міне, осы сауалдарға жауап алу мақсатында Қостанай облысы әкімдігінің жастар саясаты жөніндегі басқармасына арнайы ат басын бұрып, басшысы Марат Жұрқабаевпен жолыққан болатынбыз.

Ол кісіге сұрақтарымызды қойып, нақты жауап алып, бұл жыл облысымыздың жастары үшін өте табысты болғанына көз жеткіздік.

-Биыл білімге, өнерге, спортқа, кәсіпкерлікке ұмтылған жалынды жастарды қолдайтын көптеген мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылды. Мәселен,  біздің басқарма жастардың аяқ алысын байқау мақсатында көптеген аудандарды аралап, ауылдық жастармен жүздесіп, ондағы бойжеткендер мен бозбалалардың жеке кәсібін ашсам, білсем, үйренсем деген таудай талаптарын көріп қуанып қайттық.
Осы жылдың жазында біздің басқарма өңірімізге есімдері танымал спортшы, өнерлі, білімді жастарды жинап, облысымызға қарасты барлық аудандарды аралап, жергілікті жастармен кездесу ұйымдастырды. Бұл жүздесулерге ауыл жастары көп жиналды.  Басқосу барысында, олар өздерінің армандарын айтып, алдарына қойған мақсаттарына қалай жетуге болатындығы жайында сұрап, оған нақты жауап алды. Бүгінде жоғары жетістіктерге жетіп, облысымызды былай қойғанда елімізге есімдері белгілі талапты жастармен пікір алмасты.

Жалпы, қай кезде де жастарға тағылымы мол кездесулер ұйымдастырып, қоғамда жиі көтеріліп жүрген тақырыптарда пікір алмасып отырған өте маңызды деп ойлаймын.

Енді мен жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту барысына да тоқталып кеткенді жөн көріп отырмын. Биыл өңірімізде 900 жас кәсіпкерлік оқуын оқыды. Олардың 200-і өзінің жеке кәсібін ашу үшін мемлекеттік грантқа ие болды. Бүгінде аз алдарына шағын кәсіп ашып, еліміздің экономикасын дамытуға үлес қосып отыр. Жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмыс іздеп жүрген өздері сынды жастарды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Қазіргі таңда жастар кәсіп ретінде ІТ- кабинеттер ашуға,  тұщпара, мәнті және басқа да дайын дәмді тамақ түрін жасайтын цехтарды жұмысқа қосуға, ауылшаруашылық саласында кәсібін өрбітуге ерекше ден қойып отырғанын да айтып өткенім жөн болар.

Сонымен қатар елімізде жүзеге асырылып жатқан «Жаса» жобасының аясында  облысымыздан 13 жастың әрқайсысы  610 мың теңгенің грантын жеңіп алды. Олар осы қаражатты толық игеріп, спорттық және ойын алаңдарын, тұрғындардың қолы бас кездері серуендейтін саябақтарын ашып, халықтың игілігіне қызмет етіп жатыр.

Сондай-ақ «Зерен» республикалық жобасы бойынша да 3 қостанайлық жастың әрқайсысы миллион теңгеге ие болып, бүгін де олар өздерінің жеке кәсіптерін ашып, дөңгелетіп отыр.

Олардың қай қайсысы да өздері бастағалы отырған кәсіпті толық зерттеп, мемелекеттік грант ұтып алған жағдайда көп ойланып жатпастан, бірден белді бекем буып жеке кәсібіне кірісіп кеткен жандар.
Сондай-ақ елімізде көп жылдар қатарынан жалғасын тауып келе жатқан мемлекеттік «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жайында да жан-жақты баяндап кеткенім артық болмас. Осы бағдарлама аясында ауылдық жерлерда алғаш еңбек жолын бастап жатқан жас мамандарға дер кезінде қажетті көмек көрсетіліп жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасына ерекше назар аударатыны  оған жылдағыдан көп қаражат бөлетіні жайында айтқаны көпшілікке белгілі болса керек. Бұл бағдарламаның басты мақсаты – ауылды гүлдендіру.

Көп жылдар бойы елімізде ауылдық жерлерде мұғалімдер, дәрігерлер жетіспеушілігі үлкен мәселе ретінде қаралып келді. Ал қазір бұл мәселе өзінің шешімін тауып отыр десек артық болмас.

Өйткені, бүгінде «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жастарға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Жоғары оқу орнын бітірген жас маман  бірінші кезекте тұрақты жұмысқа орналасу, баспаналы болу сынды үлкен мәселелерге кезігіп жатады. «Дипломмен ауылға» бағдарламасында осы кедергілердің бәрі де шешімін тапқан. Біріншіден олар бірден тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі. Содан кейін оларға мемлекет тарапынан қайтарымсыз көмекақы ретінде 252 500 теңге көлемінде қаражат беріледі. Баспаналы болуына 3 млн 787 теңге ұсынылады.Олар тек баспанаға  берілген қаражатты ғана 15 жылдың ішінде қайтарады. Сондай-ақ сол жерде табан аудармастан 3 жыл қызмет етуге міндетті.

Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған бұл көмекке бүгінде жастар дән риза. Осылайша жас мамандар ауылдық жерлерде тұрақтып, отбасын құрып, сол ауылдың жандануына айтарлықтай үлесін қосады. Қазіргі таңда бұл бағдарламаның игілігін Қостанай облысында 4 800 жас маман көріп отыр,-деді Марат Кенжебекұлы.

Үстіміздегі жыл жастар жылы болса, келесі жыл «Еріктілер жылы» болмақ. Еріктілер дегеніміз қоғамда орын алып жатқан қандайда бір оқиғаға бей-жай қарамайтын, мейірімді, қайырымды жастардан құралған топ.

Олар қайырымдылық шарасына үнемі атсалысып отырады. Мәселен, қарттар, балалар үйіне арнайы барып өздерінің көмегін көрсетеді. Егде тартқан қариялардың үйлерін жинастырып, қыс мезгілінде аулаларын қардан тазартып, өздігінен жүріп-тұра алмайтын жандарға дүкеннен азық-түліктерін әкеліп беріп, қолдарынан келген көмектерін аямайтын адамгершілігі мол жастар.

Сондай-ақ осындай жастар үнемі басқосатын Қостанай шаһарында бой көтерген сән-салтанаты жарасқан «Жастар сарайы» да көпшіліктің сүйікті орнына айналған. Мұнда жастар орталығы да жұмыс істейді. Бұл орталықта қазір 13 маман қызмет етеді. Олардың ішінде заңгер, психолог және құжаттар бойынша кеңес беретін білікті мамандар бар.

Бұл орталықтың алдына қойған мақсаты-жастарға кеңес беріп, оларды тура жолға бағыттау. Мысалы, облысымыздың жастарының бірі өзінің жеке кәсібін ашуды ұйғарса, осында келіп кеңес алуына болады.
Мұндай жастар орталығы аймағымыздың барлық аудандарында  ашылған.  Сондағы жастарға қолдарынан келгенше көмек қолын созып отыр.

Өңірімізде жастарды қолдау мақсатында студенттерге арналған жаңа жатақханалардың құрылысы басталып кеткені де көпшілікке мәлім. Осы ретте Ө.Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінде 3 қабатты 4 ғимараттың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің студенттеріне арнап салып жатқан жатақханасы да бар.

Алдағы уақытта бұл жатақханалардың құрылысы толығымен аяқталып, қолданысқа берілсе, көптеген студенттерді толғандырып жүрген баспаналық мәселелері өз шешімін табатын болады. Бұл да бірінші кезекте қаламызда білім алып жатқан жастарға деген қолдау болса керек.

Осы ретте талапты жастарға үстіміздегі жылы Амангелді ауданынада 8 пәтерлі үй салынып, Арқалық қаласында 100 пәтердің кілті табыс етілді. Бұл да баспана тапшылығын сезініп жүрген жастар үшін үлкен көмек болды.

Сонымен қатар бүгін де салауатты өмір салтын ұстанып, білімге ұмтылған жастар қатары артып келеді. Олар болашақ – тек білімді жастардікі дегенді басты қағида ретінде ұстанады. Сондықтан жан-жақты білімін жетілдіріп, заман талабына сай болуды қалайды.

Ұрпағы сауатты елдің – ертеңі айқын.Әрдайым дені сау білімді жастарымыз көп болғай.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77